Республика күні азаматтық жауапкершілікті, ал Тәуелсіздік күні азаттықты білдіреді. Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов «Хабар» телеарнасындағы «Өзекті» бағдарламасына берген сұхбатында екі мерекенің мәнін осылай ажыратты.
Оның айтуынша, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болды. Құжатта қазақ халқының тағдырына жауапкершілік алу, шетелде тұратын қазақтардың мәдени және рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету, билікті бөлу қағидаты және республика заңдарының үстемдігі сияқты маңызды мәселелер қамтылды.
Осы декларация арқылы біз тұңғыш рет қазақ ұлты өз жауапкершілігін қолына алып, өз тізгінін өзі ұстайтынын, ішкі істерін өзі реттейтінін, заңдарының үстем болатынын жарияладық, – деді Әлихан Байменов.
Сұхбат барысында Республика күнінің мәртебесі де сөз болды. 1995 жылғы 18 қазанда бұл күнге ұлттық мереке мәртебесі берілді. Кейін оның мәртебесі өзгеріп, 2009 жылы мерекелер тізімінен алынды. Ал 2022 жылы Республика күні қайтадан ұлттық мереке болып бекітілді.
Әлихан Байменовтің айтуынша, Республика күні ұзақ мерзімді ұлттық мүдде тұрғысынан маңызды. Ол қоғамда ашық пікірталас болып, мемлекет ел үшін өзекті мәселелерді халықпен бірге талқылауы керек екенін атап өтті.
Ұзақ мерзімді ұлттық мүддені ойласақ, Республика күні ешқашан тасада қалмауы керек еді. Ашық қоғам болмаса, мемлекет өзекті мәселелерін халықпен талқыламаса, көп нәрсе осылай жеңіл-желпі қабылданып кетуі мүмкін. Біз мемлекеттік саясатта пенделіктен биік тұруымыз керек, – деді ол.
Қайраткердің сөзінше, Республика күні мемлекеттің тірегі – азамат екенін еске салса, Тәуелсіздік күні елдің азаттығы мен еркіндігін айқындайды. Азаматтардың өз құқықтарын еркін жүзеге асыруы да мемлекеттің нығаюына ықпал етеді.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #республика күні #RepublicDayKazakhstan #РеспубликаКүніРеспублика күнінде бірінші орында азаматтық тұрса, Тәуелсіздік күнінде бірінші орында азаттық тұрады. Республика күнінде мемлекеттің тірегі азамат екенін, мемлекет азаматтарымен мықты болатынын еске алуымыз керек. Азамат өз мемлекетінде еркін сезініп, құқығын жүзеге асырғанда ғана азаматтық жауапкершілік қалыптасады, – деп түйіндеді Әлихан Байменов.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz