Бүгін Атырау облысында этан мен пропан тасымалдауға арналған магистральдық құбырлардың құрылысы басталды.
Жобаны «KMG PetroChem» компаниясы жүзеге асырады. Магистральдық құбырлар арқылы Теңіздегі Газ сепарациялау кешенінен Қарабатандағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан полиэтилен және полипропилен өндіретін зауыттарға шикізат қауіпсіз әрі үздіксіз жеткізіледі.
Бұл елімізде тұңғыш рет жүзеге асырылып жатқан жоба. Этан мен пропанға арналған магистральдық құбырларды біртұтас техникалық торапта салу әлемде де сирек кездеседі.
Нұртас Шманов, сала ардагері:
- Мұндай құбырлар Үндістан, Канада және АҚШ-та бар. Екі құбырдың құрылымы ерекше, құрылысы күрделі. Сондықтан сұйытылған этан мен пропанның сыртқа шығып кетуіне жол бермеу маңызды. 5-6 жыл ішінде технологиялық тәсілдер мен жобалар толық зерттеліп, тиісті шешім қабылданды.
Әр құбырдың ұзындығы шамамен 210 шақырым. Этан құбырының өткізу қабілеті жылына 1,6 миллион тонна болса, ал пропан құбыры жылына 1 млн 100 мың тонна шикізатты зауытқа жеткізеді. Бұған дейін Министрлік осы жобаның ерекшеліктерін ескеретін ТМД-дағы алғашқы техникалық регламентті бекітті. Құжатты салалық компаниялар мен ұйымдар және сарапшылар бірлесіп әзірледі.
Жандос Нұрмағамбетов, KazEnergy қауымдастығының бас директоры:
- Өте күрделі жоба. Өйткені тиісті материалдар басқаша, технологиялық жұмыстар басқаша. Соның бәрін жобалап, қазір жұмыс басталып кетті. Бұйырса, елімізге, Атырау өңірінің экономикасына, елдің экономикасына үлкен үлесін қосады.
Құрылыс жұмыстары қарқын алған кезеңде 1300-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал зауыт іске қосылғанда 170 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Осыған байланысты бүгін үшжақты меморандумға қол қойылды.
Артур Қонысқалиев, «KMG Petrochem» ЖШС Басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл жобалар тек қана өндірісті дамыту емес, оған қоса, жергілікті мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету, оған қоса қазақстандық компанияларды жаңа деген мүмкіндіктерге жол ашу.
Магистральдық құбырлар 2028 жылдың соңына қарай іске қосылады. Жаңа инфрақұрылым мұнай-газ-химия саласының одан әрі дамуына мүмкіндік береді.
Авторлары Асланбек Шығыр, Амантай Матенов
Тегтер #Атырау облысы #магистраль #құбыр #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz