Ал Алматы мен Шымкент тұрғындары 1 жарым есеге көбейеді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мамандары осылай дейді. Жалпы кейінгі 20 жылда елдегі халық саны 5 млн-ға өсті. Алдағы жылдарға болжам қандай? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
– Кейінгі 20 жылда ел халқы 5 млн-ға өсті. Мәселен, 2006 жылы елде 15 млн 200 мың адам тұрса, биыл 20 млн 500 мыңға жетті. Алдағы жылдары отандастарымыздың қатары тағы артады. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, енді 10 жылда, яғни 2046 жылға қарай 24 млн-нан асады деген болжам бар.
«Ауыл мен қала халқының арасындағы көрсеткіш те өзгереді», – дейді мамандар. Қазір ел тұрғындарының 64 пайызы шаһарларда шоғырланған. Ауылдың үлесі – 36 пайыз. Таяу жиырма жылда мегаполистер мен оларға жақын облыстардағы адам саны көбейеді. Соның есебінен Астана халқы екі есе өседі.
Мадияр Алдияров, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаменті директорының орынбасары:
– Алдағы 20 жылда негізгі халықтың санының өсімі ірі қалалар, мегаполистер, яғни Астана, Алматы, Шымкент қалалары есебінен болатын болады. Бұларда, жалпы, мысалы, Астана қаласында халық саны, оның ішінде еңбекке, еңбекке қабілетті жастағы халықтың саны екі есе өседі. Ал Алматы мен Шымкент қалаларында бір жарым есеге дейін өсуі мүмкін.
Қазір жер-жаһанда урбандалу үдерісі жүріп жатыр. Дегенмен маманның айтуынша, бұл құбылыстың батыс өңірлерге қатысы жоқ. Мәселен, Атырау мен Маңғыстау облыстарында ауыл халқының қарасы артып келеді. Сондай-ақ оңтүстік аймақтарда да туу көрсеткіші өлім-жітімнен артық. Осыған сай еңбекке қабілетті жастағы адам да көбейген.
Мадияр Алдияров, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаменті директорының орынбасары:
– Қазіргі кезде 11,8 млн, яғни халық санының 57 пайызы. Жалпы, бізде басқа елдермен салыстырғанда халықтың жасы салыстырмалы түрде жас. 2036 жылға қарай еңбекке қабілетті жастардың саны 13 млн-ға, ал 2046 жылға қарай 14 млн-ға жетеді деп жоспарлануда.
Еліміз көрші маңдағы кейбір елдермен салыстырғанда жастау келеді. Орташа көрсеткіш – 32 жас. Бұл – экономиканың алға басуы үшін маңызды фактор. Әсіресе оңтүстік, батыс пен орталықта жұмыс күші көп. Үкімет бұл күшті шығыс пен солтүстікке көшіруге күш салып отыр. Яғни тиісті шаралар оңтүстіктегі жұмыссыздықты жойып, солтүстіктегі кадр тапшылығын шешуге тиіс.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Диас Қобланбаев
Тегтер #елорда #халық саны #өсім #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz