Қазақстан мен Түркияның Республика күндері қазан айында, небәрі төрт күн айырмашылықпен қатар келеді. Астана бұл мерекені 25 қазанда атап өтсе, Анкара 29 қазанда тойлайды, деп хабарлайды 24KZ.
Екі ел үшін тарихи мәні бар бұл даталардың қатар келуі жай ғана сәйкестік емес. Егемен еліміздің тәуелсіздігін Түркияның алғаш болып тануы да саяси тұрғыдан маңызды шешім. Екі ел арасындағы бұл тарихи сабақтастықтың мәні неде?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
– 1991 жылдың желтоқсаны. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарихтың жаңа кезеңіне қадам басты. Егемендігін жариялаған еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болыпТүркия таныды. Анкараның бұл шешімі екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың негізін қалап, жылдар өте келе стратегиялық әріптестікке ұласты.
Түрік ғалымдары осы тарихи қадамның бүгінде екіжақты қатынастың сан салада біте қайнасып, бауырлас ел ғана емес, стратегиялық серіктеске айналуына жол ашқанын айтады. Профессор Жемиле Кынажы Қазақстанды алғаш болып тану шешімін Ататүріктің түркі халықтарының болашағына қатысты көзқарасымен байланыстырады.
Жемиле Кынажы Баран, Анкара Қажы Байрам Вели университетінің профессоры, түрколог:
– Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін 1991 жылы Түркия елі бірінші қолдады Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындады. Бұл әрине, тек қана біз түрік елі болып мойындаған жоқпыз, біз бір ел Тәуелсіздігін алды деп ойламадық, біз бауырымыз Тәуелсіздігін алды деп ойладық. Сол себепті өте жақсы көрдік бұл тәуелсіздік күнін.
Алайда тарихи шешім тек ортақ тамырмен ғана емес, сол кездегі саяси ахуалмен де тығыз байланысты. Ғалымдардың айтуынша, Түркия Қазақстанды тану үшін өзге елдің шешімін күтпей, бастаманы өзі қолға алған. Бұл Анкараның Қазақстанмен қарым-қатынас орнатуға саяси тұрғыдан мүдделі болғанын көрсетеді.
Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, тарихшы, профессор:
– Сол кездегі Түркияның сыртқы істер министрі Хикмет Четин былай деп айтқан екен: «Біз түркі мемлекеттерін танымасақ кім таниды. Біз Батысты күтіп отырмаймыз. Біз бірден сондай шұғыл шешім қабылдап, барлығын танимыз», – деп 16 желтоқсанда сондай бір жағынан батысқа да жалтақтамай, ешкімге қарамай шұғыл және батыл қадаммен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін бірінші болып Түркия таныған.
Сөйтіп 1992 жылы екі ел ресми түрдедипломатиялық қатынас орнатты. Сол жылдың қазан айында Қазақстанның Анкарадағы елшілігі есігін айқара ашты. Содан бері екіжақты байланыс саяси диалогпен шектелмей, экономика, білім, мәдениет және халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықпен толыға түсті. 2009 жылы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылып, 2022 жылы байланыс кеңейтілген деңгейге көтерілді. Бүгінде екіжақты байланыстың маңызды бағыты – саяси һәм сауда-экономикалық ынтымақтастық. Ресми дерекке сүйенсек, былтырекі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 10 млрд долларға жетті.
Фырат Пурташ, профессор, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы:
– Мемлекет басшылары екі ел арасындағы сауда көлемін 15 млрд долларға жеткізу мақсатын қойды. Орта дәлізге қатысты жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, бұл межеге жетуге мүмкіндік артады. Қазақстан мұнайын Каспий арқылы Баку-Тбилиси-Жейхан құбырына бағыттау да халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл екіжақты саудаға да, энергетикалық қауіпсіздікке де ықпал етеді.
Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын тағы бір тарихи үндестік – екі елдің Республика күнінің қазан айында атап өтілуі. «Бауырлас елдер үшін мазмұны терең мерекенің қатар келуі жай ғана сәйкестік емес, тарихи сабақтастықты еске салады», – дейді ғалымдар.
Абдуллах Гүндоду, Анкара университетінің профессоры, тарихшы:
– Әлем елдері Қазақстанды жаһандық тұрақтылық пен бейбітшілікті қолдайтын мемлекет ретінде біледі. Түркі әлемі тұрғысынан алғанда, Қазақстан – ортақ кеңістіктің маңызды құрамдас бөлігі. Түркияның да Республика күні 29 қазанда атап өтіледі. Бұл – екі ел арасындағы тарихи жағынан үйлесімді жағдай. Қазақстанның қалыптасу тарихы мен өзін әлемге таныту жолын өте құнды деп санаймын.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
– Астана мен Анкара үшін бұл тарихи даталардың мәні зор. Олар ұлттық мемлекеттілік пен егемендіктің қадірін айқындайды. Биыл еліміз мерейлі мерекені Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында қарсы алса, Түркия Республика күнінде Түркі мемлекеттері ұйымының саммитін өткізіп, бауырлас елдердің көшбасшыларын қабылдайды. Түрік сарапшыларының айтуынша, тарихи даталардың осылайша сабақтасуы тұтас түркі әлемінің ортақ қуанышы мен ынтымағын айқындайтын символы іспетті.
Автор: Әсия Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #республика күні #қазан #тәуелсіздікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz