RU
Толық нұсқаға өту

Бурабайда Республика күні қарсаңында 35 отбасы баспаналы болды

23.10.2026, 08:12 36

Республика күні қарсаңында Бурабайдағы 35 отбасы баспаналы болды. Біразы көпбалалы ана, сосын зейнеткерлер мен әлеуметтік осал топтағы адамдар. Курортты өлкеде жыл соңына дейін тағы 92 пәтер беріледі, деп хабарлайды 24KZ.


Оразалиндер отбасының ұзақ жылғы арманы айшықты мереке қарсаңында орындалды. Көпбалалы отбасына аудан орталығынан үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Жаңа қонысты көрген жандардың қуанышында шек жоқ.

Күлпаш Жұманова, Щучинск қаласының тұрғыны:

– Шаңырақты 8 жыл күттік. Сегіз жылдан кейін алып отырмыз. Үй кезегіне тұрған кезде қызым төрт баламен бірге еді. Бір баламызда ДЦП бар. Біз өте қуаныштымыз. Бізге үш бөлмелі үй берді.

Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Мысалы, соңғы үш жылда көрікті өлкеде 500-ге жуық адам баспаналы болды. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында Щучинск қаласында белсенді ұзақ өмір орталығы пайдалануға берілді. Қазірдің өзінде мұнда 70-тен астам зейнеткер тіркеліп үлгерді. Жалпы облыс бойынша осындай 10 орталық жұмыс істейді.

Ермек Нұғыманов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Мұның басты мақсаты – қарт адамдар зейнетке шыққаннан кейін үйде отырып, қоғамнан оқшауланып қалмауы, яғни оларды әлеуметтендіру. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұны өз Жолдауларында үнемі айтып келеді. Одан бөлек, Конституциямызда Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені жазылған. Бұл – еліміздің әлеуметтік мемлекет екендігінің басты айғағы.

Ал Успеноюрьевка ауылында нағыз әмбебап орталық іске қосылды. Бір ерекшелігі – мұнда бес бірдей қызмет түрі көрсетіледі. Яғни бір нысанда ауылдық әкімдіктен бастап, өрт сөндіру бекеті, полиция қызметі, дәрігерлік пункт пен ветеринарлар отырады.

Оразәлі Айтпаев, Успеноюрьевка ауылының тұрғыны:

– Бұрынғы дәрігерлік пункт тұрғын үйде орналасқан. Ішінде санитарлық-гигиеналық талаптарға сай жағдай болмаған. Ал қазір орталық жылу мен су бар. Әрине, бұл халыққа өте тиімді. Бір жерге келіп, өз шаруасын бітіріп алады.

Республика күні облыс бойынша кең көлемде аталып өтіледі. Мереке қарсаңында 500-ден астам ауқымды шара ұйымдастырылады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz