Еуропада оқып жатқан қазақстандық жастар Республика күнін атап өтті. Бельгияның озық оқу орындарында білім алатын елуге жуық студент Брюссельдегі елшілікте жиналып, Қазақстанның болашағын және оның дамуына өздері қандай үлес қоса алатындарын айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Жастардың көпшілігі - төрт жылдан бері еуропалықтарды еліміздің мәдениетімен және жетістіктерімен таныстырып келе жатқан Қазақ қауымдастығының мүшелері. Жалпы Бельгияда жүзден астам отандасымыз білім алады. Олар инженерия, бизнес-менеджмент, психология және басқа да мамандықтарды меңгеруде. Жастар шетелде жинаған білімі мен тәжірибесін болашақта ел игілігіне жаратуды көздейді.
Мұртаза Қуатбек, KU Leuven университетінің студенті:
– Еуропадағы үздік университеттердің бірі болғандықтан, KU Leuven университетін таңдадым. Мақсатым – осындай үздік университеттерден білім алып, болашақта алған білімім мен тәжірибемді Қазақстанның дамуына жұмсау.
Амира Мусина, Гент университетінің студенті:
– Қазақстанға оралған соң, университетте сабақ бергім келеді. Себебі елімізде психология саласы енді дамып келеді. Шетелде алған білімім мен тәжірибемді болашақ студенттерге үйреткім келеді.
Қазақстандық жастардың білім алып, ғылыммен айналысуына мүмкіндік арта түспек. Жақында Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильданың Қазақстанға жасаған тарихи алғашқы мемлекеттік сапары аясында екі ел ректорларының форумы өткені белгілі. Оған 29 университет пен ғылыми-зерттеу ұйымының өкілдері қатысты. Уағдаласқан жобалардың қатарында аса маңызды шикізат материалдарын зерттейтін бірлескен орталық пен Гент университетінің қатысуымен математика және жасанды интеллект саласында құрылатын зертхана бар. Қол жеткізілген келісімдер білім мен ғылым саласындағы жаңа бастамаларға жол ашады.
Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі:
– Бүгін студенттермен осы жаңа меморандумдар туралы сөйлестік. Бұған дейін екі елдің жоғары оқу орындары арасында жиырмаға жуық ынтымақтастық келісім жасалған болса, қазір олардың саны екі есеге артты. Бұл жастарымызға ғылыми тағылымдамадан өтуге және бірлескен жобаларға қатысуға кең мүмкіндік береді.
Тегтер #Брюссель #республика күні #жастар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz