RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде эко-саябақ аумағына 100 түп қайың егілді

23.10.2026, 09:14 39

Ақтөбеде жаңадан салынып жатқан эко-саябақ аумағына жас көшеттер егілді. Табиғаты тамылжыған Қарғалы өзенінің бойы алдағы уақытта тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналмақ. Экологиялық іс-шараға «Мектеп орманшылығы» жобасының белсенді мүшелері қатысты, деп хабарлайды 24KZ.

Садовое ауылының маңы - ақтөбеліктер мен қала қонақтары жиі тоқтайтын демалыс аймағы. Әсіресе жаздың жаймашуақ күндері Қарғалы өзенін жағалай жайғасатындардың қарасы көбейеді. Сондықтан бұл аумақты абаттандырып, туристік инфрақұрылымын дамыту қолға алынып, эко-саябақ салынып жатыр. Бұрын қарағаш пен көктерек қана көмкерген өзен жағалауына бүгін 100 түп қайың көшеті егілді.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Тал теректерді егіп қана қоймай, оның тамыры жайылып, жайқалып өсуі үшін суару жүйесінің де тұрақты болғаны шарт. Эко-саябақ аумағында бұл мәселені тамшылатып суару әдісімен шешкен. Ал суды іргеден ағып жатқан Қарғалы өзенінен алады.

Жасыл желекті «Мектеп орманшылығы» жобасының белсенділері екті. Облыс орталығындағы №82 «Келешек» мектебінің оқушылары жазғы демалыста уақытын тиімді өткізген. Олар ағаш тұқымын теру, жасыл желекті күту және суару кестесін әзірлеу секілді орманшылықтың қыр-сырын меңгеріп үлгерді.

Әлихан Айтқұлов, №82 орта мектебінің оқушысы:

– Біздің мектеп үшін экология бірінші орында. 350 ағаш ектік және де 1500 гүл ектік. Ағаш егу – бұл тек бір жердің мәселесі емес. Бұл бүкіл Қазақстанның мәселесі деп санаймын. Себебі ағаш арқылы біздің экологиямыз күшейе бастайды және әлеміміз тазарып бастайды.

Қазір бұл жобаға облыс орталығынан он мектеп қатысып жатыр. Жеткіншектер ағаш егіп қана қоймай, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы сенбіліктерге де белсенді атсалысады. Балаларды табиғатты аялауға баулып жүрген «Ақтөбе» орман шаруашылығының мамандары өскелең ұрпақтың ынтасы жоғары екенін айтады.

Бауыржан Мырзағалиев, «Ақтөбе» орман шаруашылығының директоры:

– Өздерінің ұсыныстарымен келіп, «басқа жерлерде де егейік» деп, кішігірім сенбіліктер ұйымдастырып жүр. Үлкен кісілердің шарбақтарына барып арамшөптерін жұлып ағаш, талдарын егіп беріп, белсенді қатысып жүрген оқушыларымыз бар.

Ақтөбе облысында жыл басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүздеген іс-шара өтті. Қоршаған ортаны тазартуға бағытталған сенбіліктерден бөлек, «Таза жағалау», «Мөлдір бұлақ» секілді ауқымды бастамалар жүзеге асты. Нәтижесінде өңірде 54 мың түптен астам жас көшет егілді.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz