Республика күні қарсаңында Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университетінің алдындағы алаңда «Менің елім – менің болашағым» атты патриоттық флешмоб өтті. Іс-шараға бір мың жас қатысты, деп хабарлайды «24KZ»
Қалалық Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, флешмоб фортепиано мен ансамбльдің сүйемелдеуімен өтті. Қатысушылар көлемі 14×7 метр болатын Қазақстанның Мемлекеттік туын жайып, еліміздің Әнұранын бірге шырқады.
Бағдарламаның негізгі бөлімдерінің бірі жастардың Қазақстанға арнаған үндеуі болды. Қатысушыларға «Қазақстан, болашақта саған не қалдырамыз?» деген сұрақ қойылды.
Жастар білімді ұрпақ тәрбиелеу, қауіпсіз қоғам қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, әділдікті сақтау және ел тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосуға уәде берді.
«Мен білімді Қазақстанды қалыптастырамын!», «Мен қауіпсіз Қазақстан құрамын!», «Мен жасыл Қазақстанды сақтаймын!», «Әділетті Қазақстан үшін еңбек етемін!», «Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтамын!» деген уәделер айтылды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты, білімді әрі отаншыл азаматтарды тәрбиелеудің маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Іс-шарада айтылған ойлар «Адал азамат» тұжырымдамасының негізгі қағидаттарымен де үндеседі. Бұл тұжырымдамада Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен нақты іспен, адал еңбекпен және қоғамға пайда келтіруге дайын болумен өлшенеді», – деді акцияны ұйымдастырушылар.
Флешмоб соңында қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындады.
Тегтер #Алматы #республика күні #флешмоб #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz