RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында 10 тонна қара сексеуіл тұқымы жиналды

23.10.2026, 13:32 36

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Алматы облысының Балқаш ауданында 10 тонна қара сексеуіл тұқымы жиналды. Іс-шараға орман шаруашылығы қызметкерлері мен мектеп оқушылары және колледж студенттерінен құралған жүз шақты ерікті жұмылдырылды, деп хабарлайды 24KZ


Мемлекет басшысының 2 млрд ағаш өсіру туралы тапсырмасына сәйкес облыста 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалды. Көктемде 77 гектар алқапқа 500 мыңнан астам көшет егілді. Жақында Бақанас орман шаруашылығының аумағында қара сексеуіл тұқымын себу жұмыстары басталады. Өткен ғасырдың 60 жылдарында құрылған орман шаруашылығының жер көлемі 1 млн 219 мың гектар. Алайда соның 718 мың гектары ғана орманды алқап. «Қара сексеуіл құм көшуін тежеп, топырақты эрозиядан сақтау үшін қажет», – дейді мамандар.

Қанат Нүсіпбаев, Алматы облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Бұл акцияны өткізудегі мақсатымыз – жастарға табиғатты аялауды, қорғауды үйрету. Жастар сексеуілді көріп жүргенімен, оның қалай өсетінін, тұқымы қалай жиналатынын және тұқымнан қалай өсірілетінін біле бермейді. Сондықтан бұл акцияны әдейі ұйымдастырып отырмыз. Болашақ ұрпаққа осының бәрін үйретіп, көрсетіп, іс жүзінде жүзеге асырсақ деген ойымыз бар.

Айсұлтан Ізбасар, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы;:

– «Таза Қазақстан» - туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі. Табиғатты қорғау - әрбір адамзаттың міндеті. Сексеуіл өсімдігі шөл даланың қорғаны. Сексеуіл орманы құмның көшуін тежеп, жерді шөлейттенуден қорғайды. Сексеуілді қорғайық, табиғатқа жанашыр болайық!

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz