RU
Толық нұсқаға өту

Астанада тергеу изоляторында кәмелетке толмағандарға сабақ өтті

23.10.2026, 14:36 33

Астанада алғаш рет тергеу изоляторында кәмелетке толмағандарға сабақ өтті. Енді сот шешімін күтіп отырған жасөспірімдер мектеп бағдарламасы бойынша білімін жалғастыра алады. Өйткені бас бостандығы шектелгенімен, білім алу құқығы шектелмеуге тиіс. Айта кетейік, еліміздегі тергеу изоляторларында 100-ге жуық кәмелетке толмаған жасөспірім отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл мектепте емес, тергеу мекемесіндегі білім беру. Оқушы үшін ұстаз екінші ана болса да, қауіпсіздік ережесін ескеруге міндетті. Ал кеңдікте темірдей тәртіпке бағынбағандар тарлықта темір торға телміруге мәжбүр. Мұнда сабақ осылай сақ өтеді. Әдеттегідей тақта, оқулық, дәптер тіпті бақылау жұмысы да алынады. Бірақ төбеңнен бейнекамера, ал төңірегіңнен күзет төніп тұрады. Қазір Астана абақтысында 700-дей адам сот шешімін күтіп отыр. Қатарында 14-16 жастағы жеткіншектер де бар.

Ләззат Ақылова, мұғалім:

- Бұл – бейімделген бағдарлама. Сабақтар тиісінше 35-40 минуттан жүреді. Тек негізгі пәндер оқытылады. Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, шетел тілі, қазақ тілі, орыс тілі, алгебра, геометрия, география, физика. Балалар телефон ұстамайды. Демек ештеңеге алаңдамайды, мені мұқият тыңдайды.

Білім алуға бәрі тең құқылы. Әсіресе кәмелетке толмағандардың хақын қорғау – «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында бар. Стратегиялық құжатқа сәйкес абақтыда отырғандар да оқуы керек.

Асыл Амангелдиева, Астана қаласы Білім басқармасының бөлім басшысы:

–9-сынып оқушылары негізгі орта білім туралы аттестат алуы керек. Іс-шара осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. 39-мектеп пен мекеме арасында арнайы кесте жасалды. Ұстаздар келіп жатыр. Әрине, ең алдымен қауіпсіздік талаптары сақталады.

Жеткіншектердің көбі ұрлықпен ұсталған. Есірткі айналымымен айналысқандар да бар. Былтыр жасөспірімдер 2 жарым мың құқық бұзушылық жасаған. Өткен екі жылмен салыстырғанда 600 қылмысқа артқан.

Санат Рамазанов, ҚР ІІМ ҚАЖК №64 мекемесінің басшысы:

– Біздің басты мақсатымыз – өмірдегі түрлі жағдайларға қарамастан, кәмелетке толмағандардың білім алуын қамтамасыз ету. Тергеу изоляторларында олар тергеу амалдары жүргізіліп жатқан кезде сот шешімімен қамауда ұсталады. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, жасөспірімдерді қамауда ұстаудың бастапқы мерзімі екі айға дейін белгіленеді. Ал тергеу мерзімі ұзартылған жағдайда, сот санкциясымен бұл мерзім алты айға дейін ұзартылуы мүмкін.

Елдегі абақтыларда оқушы жоқ. Бұл әзірге Астанада ғана басталған үрдіс. Алайда алдағы уақытта білім беру жаппай тергеу оқшаулағыштарына жайылмақ.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz