RU
Толық нұсқаға өту

Астанада робот-иттер қоғамдық тәртіпті күзетеді

23.10.2026, 16:20 42

Елорда көшелерінде төрт аяқты жаңа «күзетші» пайда болды. Үрмейді, бірақ жан-жағын жіті назарда ұстап, іздеуде жүрген адамның ізін кеседі, деп хабарлайды 24KZ.

Әңгіме жасанды интеллектпен жабдықталған робот-иттер туралы. Олар қоғамдық орындарды торуылдап, бейнежазбаны нақты уақыт режимінде тәртіп сақшыларына жібереді.

Назым Кенжебай, тілші:

- Қоғамдық қауіпсіздікті күзететін көз көбейді. Бұл жолы ол бағанадағы камера емес, төрт аяқты роботтар. Астанада робот-иттер адам көп шоғырланатын орындарды барлауға көшті. Мәселен, дәл қазір Сақшы сауда орнында патрульде жүр.

Бақберген Қалтаев, Астана қаласы Полиция департаменті басқармасының аға инженері:

- Қазір Астана қаласында төрт робот-ит бар. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында және де арнайы концерттерде, адам көп шоғырланатын жерлерде қолданылады. Өзінің жасанды интеллектімен жабдықталған камерасы бар. Сол камера арқылы іздестіруде жүрген азаматтарды сәйкестендіреді және Жедел басқару орталығына тікелей режимде онлайн мониторинг жіберіледі. Сол арқылы Жедел басқару орталығының инспекторлары құқықбұзушылықтарды көрсе, жедел әрекет етеді.

Құрылғы кедергілерді айналып өте алып, полицейлердің көмегінсіз өз бетінше ақпарат жинап, бақылау жүргізуге қауқарлы. Аккумуляторы толық қуатталса, шамамен төрт сағатқа дейін жұмыс істейді.

Робот иттер әзірге әуежайды, теміржол вокзалын және сауда орталықтарын барлайды. Арагідік кісі қарасы көп жиналатын мәдени шараларға да барады. Мамандардың айтуынша, жуық арада олар тек бет-әлпетті танып қана қоймай, құқықбұзушылықтың өзге де түрлеріне тосқауыл қоюда және өрттің алдын алуда кәдеге жарамақ.

Авторлары: Назым Кенжебай, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz