Республика күні қарсаңында мәдениет және ақпарат саласының 62 өкілі мемлекеттік наградамен марапатталды. Олардың қатарында әдебиет пен өнер қайраткерлері, журналистер бар, деп хабарлайды 24KZ.
Еңбегі еленген азаматтарға «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы және түрлі медальдар табысталды. Бұл – елдің рухани дамуына үлес қосып жүрген мамандарға көрсетілген зор құрмет.
Мемлекеттік награда – ел игілігі жолындағы адал қызмет пен кәсіби шеберліктің бағасы. Марапат иелерінің қатарында мәдениет, өнер, әдебиет және ақпарат саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан азаматтар бар. Олардың еңбегі ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, қоғамның рухани өмірін байытуға және отандық ақпарат кеңістігін дамытуға бағытталған.
Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
– Сіздердің еңбектеріңіз халқымыздың рухани өмірін байытып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге, оның дамуына және ел абыройын асқақтатуға ықпал етіп келеді, әлі солай да бола бермек. Осы орайда да мәдениет пен өнерге, ақпарат саласына ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа барша әріптестеріміздің атынан ерекше алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Қадірлі марапат иелері, бүгінгі марапат сіздердің жеке жетістіктеріңізге ғана емес, өздеріңіз қызмет етіп жүрген салалардың дамуына көрсетілген үлкен құрмет деп білеміз. Әрбір жетістіктің артында ұзақ жылғы еңбек, ізденіс және өз ісіне деген шынайы кәсіби қарым-қатынас тұрады. Сіздердің еңбектеріңіз кейінгі буынға үлгі болып, жастарды биік мақсаттарға жетелейді. Мемлекет тарапынан көрсетілген бұл құрмет алдағы уақытта да жаңа бастамаларға серпін беріп, түрлі жетістіктерге жол ашады деп сенемін.
Ақпарат айдынында талай тарихи сәттің куәсі болған Ләззат Айтханқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол қазақ телевизиясында 34 жыл, оның ішінде «Хабар» агенттігінде 25 жыл еңбек еткен. Тілшіліктен бастап, жүргізуші және продюсер қызметтерін атқарған журналист елдегі елеулі оқиғаларды көрерменге жеткізуге атсалысты.
Ләззат Айтханқызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
– Біріншіден, барлық әріптестерімді құттықтағым келеді. Өйткені телевизиядағы жұмыс бір ғана журналистің еңбегіне байланысты емес. Бұл – бірнеше маманның бірлескен жұмысы. Сондықтан телевизияда, «Хабар» агенттігінде қызмет етіп жүрген барлық журналистерге, басқа саладағы әріптестеріме, «Хабар» агенттігінің басшылығына және Мәдениет және ақпарат министрлігіне алғысымды білдіремін.
Мемлекеттік марапатқа ие болғандардың тағы бірі – театр және кино актері Рүстем Жаныаманов. Өнер жолын колледжде бастаған ол бүгінде сахнада да, экранда да көрермен көзайымына айналып жүр. Актердің айтуынша, шығармашылық салада табысқа жету үшін үздіксіз еңбек етіп, үнемі іздену қажет. Ол өзінен кейінгі буынға да осыны өсиет етеді.
Рүстем Жаныаманов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
- Театр, кино болсын, осы саланың бәрі үшін өте қатты қуаныштымын және бақыттымын. Өзімнен кейін еріп келе жатқан көптеген іні-қарындастарыма айтарым, өнерде жүргенде әрқашан еңбек етіңдер. Еңбектерің міндетті түрде бағаланады. Үздіктердің үздігі болуға ұмтылыңдар. Жүрген жерімде жастарға бата беруге тырысамын. Өйткені біз де үлкен буынға қарап өстік. Дулыға Ақмолда, басқа да талай мықты өнер иелеріне қарап, «осылар сияқты болсақ екен» деп армандадық. Бүгінде сол арманның талайына жеттік. Сондықтан жастарға айтарым, армандаңдар. Армандарыңа сүрінбей жетіңдер.
Мемлекеттік наградалар – ел дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегін ұлықтаудың белгісі. Олардың кәсіби тәжірибесі мен шығармашылық ізденісі кейінгі буынға үлгі.
Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Диас Қовланбаев
Тегтер #24KZ #мемлекеттік награда #республика күні #марапаттау рәсіміPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz