RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-ның Тасқала ауылында 26 отбасы баспаналы болды

23.10.2026, 17:40 37

Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауылында 26 отбасы үйлі болды. Бұған дейін олардың жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған, деп хабарлайды 24KZ.

Кезегін күткен жандар бүгін қоныс тойын тойлады. 26 пәтерлік екі қабатты тұрғын үйді салуға облыс бюджетінен 495 млн теңге бөлінді.

Бүгін баспаналы болып, зор қуанышқа кенелген жанның бірі – Мағрипа Қажымова. Амангелді ауылындағы жалғыз үйі апатты жағдайда болған соң, баспана кезегіне тұрған. Осы күнді 10 жыл күтіпті.

Мағрипа Қажымова, Тасқала ауылының тұрғыны:

– Үйді көріп, кіріп шықтым. Өте жақсы, тап-таза әрі кең, бәрі дайын. Қолымыз жеткеніне қуанып жатырмыз. Көп рақмет! Заманымыз, еліміз тыныш болып, басымыз аман болсын.

Тасқала ауданында баспана кезегіне 600 тұрғын тіркелген. Соңғы 3 жылда оларға 106 пәтер салынды. Ал бүгінгі 26 пәтерлік үй жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарға берілді.

Рауан Рахметуллин, Тасқала ауданы әкімінің орынбасары:

– Бұл көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі. 2012 жылдан бастап апатты кезекте тұрған азаматтарға үйлер берілген жоқ. Бүгін аудан үшін үлкен қуаныш.

Биыл жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамту жайы заңмен реттеліп, «Реновация» бағдарламасына тиісті толықтырулар енгізілді. Бұған дейін Жымпиты ауылында 72 азаматқа пәтер кілті тапсырылды. Тұрғындарды қуанышымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй халықты баспанамен қамту мемлекет саясатының басым бағыты екенін атап өтті.

Мирас Мүлкәй, облыс әкімінің орынбасары:

– Тасқала ауданында осы санат бойынша толық мәселе шешілді деп айтуға болады. Болашақта осындай үйлер салуға дайындаламыз. Қазір бұл сұрақ жалғаса береді. Осы бір үймен шектеліп қалмаймыз.

Соңғы 4 жылда өңірде 7 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді. Оның 40 пайызы ауылдарда бой көтерді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz