Көкшетауда Республика күніне орай аймақтың дамуына үлес қосқан ақмолалықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды 24KZ.
Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, сондай-ақ еңбек ардагерлері мен қарапайым жұмысшылар бар.
Кәкім Өтегенов – Көкшетаудағы коммуналдық мекемелердің бірінде қарапайым жұмысшы болып еңбек етеді. Оның қала көшелерін абаттандыруға атсалысып жүргеніне жарты ғасырдай уақыт болыпты. Жасы жетпіске таяса да жұмысын ақсатпайды. Бүгін зейнеткердің осы еңбегі еленіп, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.
Кәкім Өтегенов, коммуналдық мекеменің жұмысшысы:
– Әрине, қуаныштымын. Күтпегендей жағдай болды. Бұл көп жылғы жұмыс істеп өткен еңбегіміздің арқасы деп ойлаймын.
Салтанатты шара барысында өңір басшысы Марат Ахметжанов аймақтың жетістіктеріне тоқталып, еңбек адамдарының қажырлы қызметін ерекше атап өтті.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
– Еңбек адамын құрметтеу, туған жердің дамуына үлес қосқан азаматтар еңбегін бағалау – ұрпақ сабақтастығын нығайтып, қоғамда өзара құрмет пен жауапкершілікті арттыратын маңызды құндылықтар. Бұл – жерлестердің еліміз бен өңір игілігі жолындағы қызметіне көрсетілген зор құрмет пен шынайы алғыс белгісі.
Ала жаздай еңбек еткен өңір диқандарына да зор құрмет көрсетілді. Алтын дәнді шашау шығармай қамбаға құйған сала мамандары да түрлі марапатқа ие болды.
Светлана Петренко, агроном:
– Мен жастайымнан осы салада еңбек еттім. Әкем де бас агроном болды. Соған қарап қызығып, әлі күнге дейін тер төгіп келемін. Бұл марапат сол қажырлы еңбектің жемісі деп білемін.
Қазір облыс түрлі салада республика бойынша көш бастап келеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен өндірістік өнеркәсіп бағытында жетістік көп. Айталық, соңғы үш жылда өңір экономикасына 2,2 трлн теңге инвестиция тартылды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #24KZ #жарнама #Көкшетау #республика күні #мемлекеттік наградаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz