RU
Толық нұсқаға өту

Жетісу облысының өркендеуіне үлес қосқан азаматтар марапатталды

23.10.2026, 23:40 33

Республика күніне орай Жетісу облысының дамуына үлес қосқан 50-ден аса адам марапатталды, деп хабарлайды 24KZ.

Ұзақ жылдар бойы әртүрлі салада еңбек еткен азаматтарға «Құрмет» және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені мен «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медальдары табысталды. Сонымен қатар 9 адам «Жетісу облысының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Республика күні – Тәуелсіздіктің тұғыры болған мереке. Сондықтан жыл сайын тағылымды шаралармен кең көлемде тойланады. Салтанатты жиында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аймақта атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Бейбіт Исабаев, облыс әкімі:

– Облыс құрылғанға дейін небәрі бес елді мекен газбен қамтылған болса, қазір олардың ауылдардың саны 110ға жетті. Облыс экономикасына тартылған инвестиция 1,5 трлн теңгеге жетіп, өндіріс көлемі артты. Өңірдің аграрлық әлеуеті нығая түсті. Халықтың өмір сүру сапасына оң әсер ететін жол, газ, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым бойынша да ірі жобалар жүзеге асырылуда.

Мерекелік шарада 6 адамға «Құрмет» ордені табысталды. Еңбегі еленіп, мерейі өскендердің қатарында «Алтынемел» ұлттық паркінің директоры Қуат Байтұрбаев та бар.

Қуат Байтұрбаев, «Құрмет» орденінің иегері:

– Бүкіл әлемнің жақсы парктерінің ішінде жетінші орында тұрмыз. Бәсши ауылы бірінші орын алып отырмыз. 2023 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасына кірдік. Осындай жұмыстар атқарып жатырмыз. Жалғыз менің еңбегім емес, бүкіл менің ұжымымның еңбегі деп ойлаймын.

Ал Ғалия Ақбасова – саналы ғұмырының 40 жылын білім саласына арнаған ұстаз. Кербұлақ аудандық «Аналар кеңесінің» жетекшісі «Шапағат» медалімен марапатталды.

Ғалия Ақбасова, «Шапағат» медалінің иегері:

– Аналар кеңесінің жұмысын 11 жыл болды атқарып келе жатқанымыз. Міндетіміз сол – ұлттық құндылықтарды насихаттаймыз. Балаларымыз соны ұмытпаса екен, жалғастырса екен дейміз.

Мерекеде дәрігерлер, өнерпаздар, әкімшілік және әлеуметтік қызметкерлер, спорт саласының мамандары мен қарапайым еңбек адамдары да сый-құрметке бөленді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz