RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысының Қарғалы ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылды

23.10.2026, 23:50 31

Алматы облысының Қарғалы ауылында жаңа Мәдениет үйі ашылды. Республика күні қарсаңындағы бұл оқиға Қарғалы жұртшылығына айрықша қуаныш сыйлады, деп хабарлайды 24KZ.

Қарғалы ауылдық округінде жалпы саны 45 мыңнан астам халық тұрады. Олар жергілікті атқарушы билік өкілдеріне ауылға бір Мәдениет үйі керек екенін үнемі айтып келді. Міне, енді тұрғындардың 36 жыл күткен арман-тілегі орындалып, ауылда жаңа мәдениет ошағы ашылып жатыр.

Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі:

– Осы айтулы оқиғамен баршаңызды құттықтаймын! Өздеріңіз білесіздер, Қарғалы – Жамбыл ауданындағы халық саны жағынан Ұзынағаштан кейінгі ең ірі ауылдық округ. Тарихы терең, тірлігі берекелі, еңбекқор халқымен танылған іргелі елді мекен. Осындай үлкен ауылдың заманауи руханият ошағына деген сұранысы да жоғары екені белгілі. Жаңа мәдениет үйі – осы қажеттілікті өтеуге бағытталған маңызды нысан. Баршаңызды келе жатқан республика күнімен құттықтаймын!

Жобаның жалпы құны – 1 млрд 492 млн теңге. Қарғалы мәдениет үйінің жалпы ауданы – 3 273 шаршы метр. Екі қабатты ғимаратта 350 орындық көрермен, 50 орындық мәжіліс залы, кітапхана, хореография залы және шығармашылық үйірмелеріне арналған бөлмелер бар. Нысанда 11 қызметкер жұмыс істейді.

Төлекатай Қожахметұлы, Қарғалы ауылының тұрғыны:

– Біздің бала кезімізде ескі клуб болған, ол сүріліп кетті. Қарғалы шұға комбинаты дүрілдеп тұрған кезде керемет ғимарат басталған. Шамалғандағы бітті де, біздікі белгісіз себептермен бітпей қалып, сол орталықта тозығы жетіп тұр. Одан бері 40 жыл болды. Міне, Республика күні қарсаңында мәдениет үйі ашылып жатыр, соған өте қуаныштымыз.

Салтанатты іс-шара соңы Республика күніне арналған концерттік бағдарламаға ұласып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға наградалар табыс етілді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz