RU
Толық нұсқаға өту

Ауыл шаруашылығы саласында бірыңғай ақпараттық платформа әзірленіп жатыр

24.10.2026, 08:07 31

2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы саласындағы барлық ақпараттық жүйе бір платформаға біріктіріледі, деп хабарлайды 24KZ.

Мал мен егістікті бақылаудан бастап, өнімнің қауіпсіздігін қадағалауға дейінгі процестер кезең-кезеңімен цифрландырылады. Мәселен, шаруа қожалығында жаңа технологияларды енгізген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі.

Ауыл шаруашылығында цифрлық технологиялардың мүмкіндігі зор. Жақында ветеринария саласында жасанды интеллект негізіндегі пилоттық жоба іске қосылды. Жүйе мал дәрігерлеріне жануарлардың немен ауыратынын анықтауға көмектеседі.

Жақсылық Еркінбек, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру бөлімінің басшысы:

- Ветеринария саласы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын біріктіру жүйесі енгізілген. Бұл жүйеге енгізіліп қана қоймай, жақында ғана пилоттық жоба енгізілді. Жасанды интеллект арқылы ветеринар-дәрігер өзінің тиісті сұрағын, сауалын жүйеге, болмаса мобильді қосымшаға енгізген жағдайда, оған тиісті жауап, ұсыным берілетін болады. Мысалы, белгілі бір жануардың симптомдарын енгізетін болса, оған қандай аурумен ауырып тұрғаны болжам ретінде кеңес беріледі. 

Егін шаруашылығында да жаңа ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Ол егіс жұмыстарынан бастап, өнімді жинау мен сақтауға дейінгі процестерді қамтиды. Өнімнің қай жерде өсірілгенін, қанша өнім алынғанын және карантиндік шаралардың қалай жүргенін бақылауға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша жүйені келер жылдан бастап қолдануға болады. Елдің бірқатар шаруашылығы қазірдің өзінде жаңа технологияларды белсенді енгізіп жатыр. Солардың бірі Ақмола облысының фермері Аржан Дулат. Биыл ол Сандықтау ауданында 14 мың гектар алқапқа дән екті. 

Аржан Дулат, "ПКФ Новоникольское" ЖШС директоры:

- Шаруашылықты цифрландыруға басымдық беріп отырмыз. Мақсатымыз - барлық техниканы бір жүйеге біріктіріп, өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Бұл механизаторлардың жұмысын жеңілдетіп, егін егу мен жинау науқанының тиімділігін арттырады. Биыл егіс кешендеріне автоматты бағыттау жүйелері орнатылды. Соның арқасында тұқым алқапқа барынша дәл себіліп, қателік азайды. Оның пайдасын қазір егін жинау кезінде көріп отырмыз. Жаңа технологияға жұмсалған қаражат алғашқы жылдың өзінде-ақ нәтижесін берді.

Ауыл шаруашылығындағы барлық ақпараттық жүйе кәсіп иелеріне ыңғайлы болу үшін бір платформаға біріктіріледі. 

Жақсылық Еркінбек, ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешенде мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру бөлімінің басшысы:

- Яғни бұрындары әрбір ақпараттық жүйеге шаруа кіретін болса, енді жиырма 2028-29 жылға дейін ақпараттық жүйе әзірленеді. Бір қолжетімділік арқылы барлық жүйеге қолжетімділік ашылады. Яғни өзіне қанша мал бар, қанша ол жерде техникасы бар, өзінің жер учаскелері бар, соны көріп қажетті ақпаратына ие болады.

Мамандардың айтуынша, бұл шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, саланы басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Шаруаларды заманауи технологияларды қолдануға ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған. Мысалы, егістіктегі зиянкестерге қарсы дәрі шашатын дрон сатып алған шаруаларға оның құнының 25 пайызы өтеледі. Қазір ауыл шаруашылығы мен өнім өңдеу саласында қолданылатын басқа да құрылғылардың тізімі әзірленіп жатыр.

Дариға Ташенова, Абзал Азаматұлы, Мадияр Қындыбаев, Ернар Нысанбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz