Петропавлда беларусь қызы қазақ тілін үйретіп жүр.
Диана Мелихова тілдерді оқыту орталығында төрт жылдан бері еңбек етеді. Ол түрлі мекемелерге барып, аптасына алты топқа сабақ береді.
Бүгінгі біздің тақырыбымыз: мамандық. Мамандық тақырыбына байланысты біз бірінші жаңа сөздермен танысамыз.
Беларусь қызы Диана бала кезімде қазақ тілін білмегеніне намыстандым дейді. Сондықтан жаңа сөздер жаттап, тілді тез үйренуге тырысқан. Уақыт өте қызығушылығы артып, қазақ тілі және әдебиеті мұғалімі мамандығын меңгеріпті.
Диана Мелихова, тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:
- Шыны керек, басында группаластарым, мұғалімдерім сеніңкіремеді маған. Қазақ тілін алып кетеді-ау деген сияқты. Бірақ, дегенмен, 1 жыл қиналдым шыны керек, бірінші курста. Үйренгенше. Содан кейін алып кеттім. Қазір менің сүйікті мамандықтарымның бірі. Өмірімді осы мамандықпен байладым.
Диана қазақ тілін жетік меңгерген. Төрт жылдан бері тілдерді оқыту орталығында еңбек етіп жүр. Ол сабақ барысында тілді күнделікті өмірмен байланыстыра үйретеді.
Диана Мелихова, тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:
- Мен сабағымды күнделікті өмірмен байланыстырамын. Тұрмыста қандай сөздер қолданамыз. Жұмыста, көшеде деген сияқты. Әртүрлі сөздер қолданамыз ғой. Соны мен тақырыбыммен байланыстырып, өмірмен байланыстырып, тыңдаушыларыма үйретемін. Олардың қабылдауы да жақсы болады.
Әріптестері Диананың өз ісіне жауапкершілікпен қарайтынын және қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге зор үлес қосып жүргенін айтады.
Орал Жанатов, тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары:
- Тиянақты, ол кісіні өзінің жұмысына жауапты, басқаларға үлгі ретінде қоюға болады. Тек қана қазақ тілінде сөйлейді. Қасындағыларының барлығын тек қазақ тілінде сөйлеуін, қазақ тілінде жауап беруін талап етіп жүреді. Нағыз елінің патриоты деп айтуға болады.
Аптасына алты топқа қазақ тілінен сабақ береді. Тыңдаушыларының қатарында мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, дәрігерлер мен білім саласының мамандары бар.
Авторлары Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #Петропавл #қазақ тілі #сабақ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz