RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді

24.10.2026, 13:00 39

Республика күні қарсаңында Абай облысында өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

Семей қаласындағы Абай кітапханасында өткен салтанатты жиында түрлі салада еңбек етіп жүрген 80-нен астам тұрғын мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ мерекелік шара аясында «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауының қорытындысы жарияланды.

Салтанатты жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды. Марапат иелерінің қатарында жұмысшы мамандықтарының өкілдері, ұстаздар, дәрігерлер және өзге де сала мамандары бар. 

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Бұл адал еңбекке көрсетілген құрмет, елге қызмет етудің өнегелі үлгісі деп білеміз. Марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз. Еңбектеріңіз еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілейміз. Тәуелсіздігіміз әрқашан баянды болсын.

Еңбегімен ел құрметіне бөленген үш азамат III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар маманға «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Елеубек Демежанов, жеке кәсіпкер:

- Кеудемізге төсбелгі тағып жатыр. Біздің де еңбегіміздің бағаланып жатқаны деп білеміз. Біз осымен тоқтамаймыз. Елімізге халқымызға адал қызмет етіп, адал еңбегімізбен өсіп келе жатқан ұрпаққа жол көрсетуге дайынбыз.

Марат Байжұматов, тракторшы:

- Осылай еңбегімді елеп, облыс басшысы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттап жатыр. Бәрінің дені сау болсын. Өте қуаныштымын.

Мерекелік бағдарлама «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауының гала-концертімен жалғасты. Байқаудың мақсаты Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын музыка арқылы дәріптеу. Сайысқа 64 автордан 88 шығарма ұсынылған. Іріктеуден өткен 16 жаңа әнді елімізге танымал және өңірлік өнерпаздар орындап, көрермен назарына ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша лауреаттарға 1,5 миллионнан 5 миллион теңгеге дейін қаржылай сыйлық сертификаты табысталды.

Авторлары Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz