Лаборатория әлеуметтік қорғау саласындағы ұлттық ғылыми орталықта орналасқан. Жаңа технологиялардың арқасында ортез дайындау уақыты екі есе қысқарған. Мамандардың айтуынша, мұнда көрсетілетін қызметтің барлығы тегін, деп хабарлайды 24KZ.
Ғылыми орталықтың ішінде орналасқан бұл еліміздегі алғашқы зертхана. Бұдан былай ортезге мұқтаж мүгедектігі бар жандар медициналық жабдықты тегін жасата алады. Ем алушы өзіне құрылғыны орнатқаннан кейін де орталықтың дәрігерлеріне қаралып, тегін кеңес алуына болады.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Бүгін біз ғылыми орталығымызда осындай арнайы зертхананың ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Бұл зертханада 3D модельдеу технологиясы арқылы мүгедектігі бар адамдарға арналған ортопедиялық бұйымдар, соның ішінде ортездер әзірленіп, жасалады. Бұл бастама ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және олардың қозғалыс мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.
Сырым Нәси, Ұлттық ғылыми орталықтың директоры:
– Біз ғылыми орталық болғандықтан, тек қана ортез жасаумен шектелмейміз. Ортездің адам ағзасына жалпы әсерін де ғылыми тұрғыдан зерттейміз. Бұл жерде әңгіме тек мүгедектігі бар азаматтар туралы емес, сонымен қатар мүгедектіктің алдын алу мәселесі туралы болып отыр. Мүгедектік мәртебесі жоқ балаларға ортез қолдану арқылы олардың денсаулығындағы ауытқулардың асқынып, болашақта мүгедектікке әкелуінің алдын алуға тырысамыз. Біздің негізгі айналысатын мәселелеріміздің бірі — осы.
Дәрігерлер алдымен науқастың дене бітімін толық 3D сканерден өткізеді. Содан кейін компьютерлік модельдеу арқылы оның жеке параметрлеріне бейімдеп ортез дайындайды. Орталыққа жүгінетіндердің басым көпшілігі бүлдіршіндер. Жауаптылардың айтуынша, дер кезінде көрсетілген көмек балаларды мүгедектікке жеткізбей емдеуге мүмкіндік береді. Елімізде мұндай зертхананың ашылып, қызметтердің тегін болуы ем алушылар үшін үлкен көмек.
Дина Күлқараева, Алматы қаласының тұрғыны:
– Өйткені мұндай балалардың аяқтарында спастика болғандықтан, аяқтары дұрыс дамымай, уақыт өте келе қисайып кетуі мүмкін. Мұның алдын алу үшін осындай арнайы құралдарды қолданамыз. Бұрын ортездерді жекеменшік компанияларға тапсырыс беріп жасататынбыз. Оларды ұзақ уақыт күтуге тура келетін. Оның үстіне, бағасы да арзан емес.
Зертхананың өндірістік мүмкіндіктерін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Биыл 500-ге жуық жеке ортез дайындау жоспарланған. Ал келер жылы өндіріс көлемі үш есеге дейін артады. Айта кетейік, жоба инклюзияны дамыту бағытында іске асып отыр.
Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Валентин Лобанов
Тегтер #Алматы #ортез #зертхана #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz