Семейде Республика күні қарсаңында «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойыны өтіп жатыр. Биыл білім бәйгесіне еліміздің бірнеше өңірінен 100 команда қатысып, 600-ге жуық адам өзара мықтыны анықтауда. Сайыстың жалпы жүлде қоры – 4 жарым миллион теңге. Зияткерлік дода екінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
– Семейдегі «Абай Арена» кешенінде бас қосқан қатысушылар жеті кезең бойынша бақ сынап жатыр. Сұрақтар логикалық ойлау қабілетін, жалпы таным көкжиегін және тарихи-мәдени білімін тексеруге бағытталған. Тапсырмалар Абай Құнанбайұлының шығармашылығынан бастап, Алаш қозғалысы, өңір тарихы, өнер мен мәдениет, Қазақстанның әлемдік жетістіктеріне дейінгі тақырыптарды қамтиды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – жастардың білімге қызығушылығын арттырып, қазақ тіліндегі зияткерлік ойындардың аясын кеңейту.
Қуаныш Молдақашев, ұйымдастырушы:
– «Абай QUIZ» ойынын зияткерлік ойындар бойынша Қазақстан чемпионаты ретінде қалыптасып келе жатыр деп айтуға болады. Былтырғы және биылғы құрамды салыстыратын болсақ, биыл әр облыстың ең мықты командалары жиналған. Бұл, біріншіден, зияткерлік ойындарды насихаттауға мүмкіндік береді. Екіншіден, білімге құштар, ізденімпаз жастар мен азаматтарға өз мүмкіндіктерін көрсетуге жол ашады. Сонымен қатар, бұл — қазақ тілін насихаттайтын маңызды алаң. Себебі мұнда қазақтілді зияткерлік орта өкілдері бас қосып отыр. Мұның бәрі ана тіліміздің дамуына да өз септігін тигізеді.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
– Биылғы сайысқа Абай облысымен қатар, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Атырау, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларынан командалар қатысып жатыр. Алғаш рет былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған ойынға еліміздің 10 өңірінен 180 команда, жалпы саны 1080 қатысушы жиналған. Қатысушылар саны мен ауқымы бойынша бұл бастама Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілген.
Нұржан Өмірбаев, қатысушы:
– Абай облысына үлкен рақмет! Өйткені Абай аренада 100 команданың басын қосып, зияткер жастар ортасының қалыптасуына үлкен серпін беріп отыр. Жалпы, атмосферасы керемет! Аренаның өзі шабыттандырады. Бұл — білім бәсекесіне құрылған бүгінгі күннің ең үлкен жарыстарының бірі деп ойлаймыз. Керемет эмоциялар, жарқын сәттер, кейде өкініш пен сан соқтыратын тұстар да болады. Дегенмен әр сұрақ ойлау қабілетімізді шыңдап, миымыздағы нейрондардың жұмысын жеделдетіп, ерекше әсер мен керемет эмоция сыйлап жатыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
– Зияткерлік сайыстың жалпы жүлде қоры 4 миллион 500 мың теңге. Бірінші орын иегеріне 1 миллион теңге табысталады. Сондай-ақ үздік командалар мен арнайы аталым жеңімпаздары марапатталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар жастардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков.
Тегтер #Семей #Абай QUIZ #зияткерлік ойынPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz