Таразда теміржол вокзалында ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысан бүгін Республика күні қарсаңында пайдалануға берілді. Күрделі жөндеуге республика бюджетінен 3,4 млрд теңге бөлінді. Жаңғырту жұмыстары нәтижесінде вокзал ғимараты кеңейтіліп, инфрақұрылымы заман талабына сай жаңартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Тараз вокзалының негізгі ғимараты 1986 жылы пайдалануға берілген. Бастапқыда 2,5 мың шаршы метрлік нысанның ауқымы жаңғыртудан соң 3400 шаршы метрге жетті. Ғимаратының қасбеті, шатыры мен инженерлік жүйелері жаңғыртылып, перрон абаттандырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
– Жаңарған вокзал жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, қаланың іскерлік белсенділігіне, туристік тартымдылығына және жалпы даму қарқынына оң ықпал етеді. Теміржолымыз елдің дамуына, халықтың берекелі тіршілігіне қызмет ете берсін.
Тоғыз жолдың торабында тұрған станция арқылы 32 жолаушылар пойызы қатынайды. Тәулігіне 3 мыңнан аса адам аялдайды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін күту залы толықтай жаңарды. Сондай-ақ жиһаздар қойылып, электронды ақпараттық таблолар, эскалаторлар орнатылды.
Дидар Мүсіретәлиев, Тараз вокзалының басшысы:
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы бөлмелер қарастырылған. Олар жеке әжетханалармен, отыратын орындармен және азаматтар келген кезде көмек шақыруға арналған арнайы батырмалармен жабдықталған.
Гүлбахира Сағындықова, Тараз қаласының тұрғыны:
– Кішкентай балалардың ойнайтын жері де бар. Міне, тоқпен жүретін текпешектері бар. Өте ыңғайлы. Өте кең, жайлы, жарық.
Президент тапсырмасымен Жамбыл облысындағы ескірген бес станцияны күрделі жөндеуге 14,1 млрд теңге бөлінді. Қазір оның төртеуі пайдалануға берілді. Отар вокзалында құрылыс жұмыстары жақын арада аяқталады.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділді
Тегтер #Тараз #теміржол #вокзалPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz