RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да 236 шақырым жол жөнделді

26.10.2026, 09:12 46

Биыл Орал-Атырау, Орал-Ақтөбе және Чапаев-Казталов арасында 236 шақырым жол жөнделді. Республикалық бюджеттен 32 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.


Жалпы биыл республикалық маңызы бар жолдардың құрылысы бойынша елде 14 жоба жүзеге асырылып жатыр. Қамтылатын жолдың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Атырау-Орал тас жолының жалпы ұзындығы 492 шақырым. Соның 303 шақырымы БҚО-на тиесілі. Міне, осы аралықтың Атырау шекарасынан бастап 60 шақырымы және Орал қаласынан Чапаев кентіне дейінгі 120 шақырымына биыл орташа жөндеу жасау ұйғарылған еді. Дәл қазір құрылыс жұмыстары кестеге сай аяқтала келді. Ауыр техникалар соңғы шақырымдарға асфальттің беткі қабатын төсеп, тығыздап жатыр.

Орал-Атырау күре жолы 2005 жылы салынды. Содан бері жолшылар жыл сайын ойылған тұстарын жамап-жасқап, ағымдағы жөндеумен амалдап келеді. Ал биыл бірден 180 шақырымының орташа жөнделуі тұрғындарды қуантып отыр.

Мақсот Уәлиев, Көшім ауылының тұрғыны:

– Жақсы салып жатыр. Бұрынғыдан тәуір. Енді алда да жол жақсара беретін болар. Биыл жақсы, істелуі жақсы.

Күні бүгін Атырау шекарасынан бергі 60 шақырымның 53 шақырымына асфальт төселсе, Орал мен Чапаев кенті аралығындағы 120 шақырымның 116 шақырымына қос қабат асфальт салынды. Енді жолдың қос жиегін толтырып, жолақ салу, белгілер орнату жұмыстары күтіп тұр.

Денис Прогунов, учаске бастығы:

– Жазда күні-түні, екі ауысымда жұмыс істедік. Қазір ауа райына байланысты бір ауысымға көштік. Ескі жолдың беткі қабатын қырып тастап, жаңадан асфальт төсейміз. Төменгі қабаты 6, үстіңгі қабаты 5 см. Енді 4 километрден соң толық асфальттап бітіреміз. Бұл үшінші санатты жол.

Бұдан бөлек, биыл Орал-Ақтөбе жолының 39 шақырымына орташа жөндеу және Чапаев-Казталов бағытындағы жолдың 17 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Барлығы 236 шақырым жолды жаңалауға ел қазынасынан 32 млрд теңге қаралған. Десек те құрылыс қарқынын арттыруға кедергілер жоқ емес.

Шыңғысхан Қасымханов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚОФ директорының орынбасары:

– Ауыр мәселенің бірі – жол-құрылыс материалдарын алып келу. Батыс Қазақстан облысы төңірегінде қиыршық тас, «отсев» шығаратын карьерлер жоқ болғандықтан, бүкіл материалдың барлығын Ақтөбе облысынан тасуға тура келіп тұр. Ол кішкене қолды ұстайды. Жұмыс қарқынына сәл кедергісін келтіруде тасымалдау жағынан.

Биылғы қарқынды жол жөндеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Келесі жылы Орал-Атырау жолының қалған 120 шақырымын және Орал-Ақтөбе бағытында 68 шақырым жолды орташа жөндеу жоспарланған.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, БҚО

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz