Қазақстанның Республика күніне орай домбыраның күмбірі, қылқобыздың қоңыр үні мен сыбызғының сазды әуені Вашингтон төрінде әуеледі.
«Хассақ» этно-фольклорлық ансамблі Смитсон ұлттық институтының Азия өнері музейінде концерт берді. Залға лық толған көрермен қазақтың ән-күйлері мен ұлттық аспаптардың сан алуан үнін тыңдап, уақыт пен кеңістік шекарасын ұмытып, күй қанатында қалқыды. Ансамбль дәстүрлі шығармалармен қатар авторлық туындыларын да ұсынды. Бірінде өр рух пен қайсар батырлардың мінезі көрініс тапса, енді бірінде сырлы сезім, ұлттық ойындар мен той-думаның үні естілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай концерттер америкалықтардың Қазақстанға қызығушылығын оятып, қазақ мәдениетін музыка арқылы жақынырақ тануына мүмкіндік береді. Өнер кеші Қазақстан елшілігінің қолдауымен, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының демеушілігімен өтті. Айта кетейік, ансамбльдің сапары Қазақстан мен АҚШ өнерпаздарын тоғыстыратын «Жаңғырған мұра» бағдарламасының бөлігі саналады.
Тегтер #Ұлы дала сазы #Вашингтон #әуен #республика күні #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz