Қазақстанның Республика күнін Варшава да атап өтіп жатыр. Біздің елді екінші отаны санайтын польшалықтар көп. Өйткені олардың ата-бабалары кезінде Қазақстанға жер аударылған, деп хабарлайды 24KZ.
Қазіргі ұрпақ сол кезеңді еске алып, Қазақстан халқына құттықтау жолдап жатыр. Жалпы биыл поляктардың қазақ даласына күштеп көшіріле бастағанына – 90 жыл. Бүгінде олардың көбі тарихи отанына оралғанымен, қазақтың салт-дәстүрін ұмытқан жоқ.
Варшавадағы Достық үйінде поляктар қазақтың ұлттық биін билеп жүр. Оларға биді осы жақта оқитын қазақстандық студент үйретеді. Репатрианттарға көмек көрсету орталығында бірнеше буын поляктың кіндік қаны тамған Қазақстанның мәдениеті осылай дәріптеледі. Орталықтың басқарма мүшелерінің бірі – Валерия Весельская Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында дүниеге келген. Ол өзі туған ауылда қазақтар мен поляктар өмірдің тәттісі мен ащысын бірге татқан деп еске алады. Сол бір ауыр кезеңде жергілікті халықтың қоныс аударушыларға қалай көмектескенін Валерия әжесінің әңгімелерінен жақсы біледі.
Валерия Весельская, «Репатрианттарға көмек көрсету орталығы» қоғамдық ұйымының басқарма мүшесі:
– Әжем сол қиын-қыстау кезеңде қазақтардың көп көмектескенін үнемі айтып отыратын. Өздерінің де тұрмысы оңай болмаса да, қолда барын бөліскен. Бауырсақ, нан, құрт беріп, қол ұшын созған. Әжемнің өмірден өткеніне көп болған жоқ. Ол қазақтардың жақсылығын әрдайым айтып отыратын. «Қазақтармен жұмыс істегендей ешкіммен жақсы жұмыс істеген емеспін», - дейтін.
Енді Валерия Польшаға қоныс аударғандарға өзі қол ұшын созып жүр. Өзі мұнда білім алуға келіп, кейін отбасын құрған. Қазір Өзбекстаннан келген репатриант Янина Кузьминамен бірге ерікті ретінде осында жұмыс істейді. Орталық қоныс аударған отандастарына және қазақстандық студенттерге қолдау көрсетіп, мәдени шаралар ұйымдастырады. Сондай-ақ жергілікті поляктарға қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, өнерін үйретіп жүр.
Янина Кузьмина, «Репатрианттарға көмек көрсету орталығы» қоғамдық ұйымының басқарма мүшесі:
– Қазір біз Польшада қазақ мәдениетін кеңінен таныстырып жүрміз деуге болады. Мәселен, жас би тобын құрдық. Алдағы уақытта Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған шараларды көбейткіміз келеді. Жақында Варшава университетімен ұлттық қолөнер сабақтарын өткізу жөнінде келістік.
Қазақы нақышта безендірілген орталықта дастархан басына жиналғандар Қазақстанда өткен жылдарын еске алады. Көктемде Варшавадағы қазақ поляктары Наурыз мейрамын тойлаған еді. Жетпіске жуық адам бас қосып, Ұлыстың ұлы күнін қазақтың жөн-жоралғысымен атап өткен. Мейрам Алеся Белая мен жұбайның ұйытқысымен өткен. Олардың Польшаға қоныс аударғанына биыл – 12 жыл.
Алеся Белая, Қазақстаннан қоныс аударған репатриант:
– 1936 жылы ата-бабам Ақмола облысындағы қазіргі Лозовое ауылына жеткізілген. Дала суық күз. Баспаналары жоқ. Сол қиын кезде қазақтар оларға барынша көмектесіп, осындай қатал табиғат жағдайында қалай үй тұрғызу, қалай тіршілік ету керектігін үйреткен. Қазақтардың арқасында аман қалған. Қазақстанда мені Әсел деп атайтын. Ал күйеуімнің аты Сергей, оны Серік дейтін. Біз көп жыл бойы той түсірумен айналыстық. Қазақ ауылдарын көп араладық, барлық салт-дәстүрді білеміз, ұмытпаймыз, жақсы көреміз. Қазақ халқы бізге өте жақын.
Суретші Наталья Малицкаяның ата-бабасы да 90 жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысындағы Келлеровка ауылына жер аударылған. Натальяның өзі қазір Польшада тұрғанымен, Қазақстанға кіндігіміз байланған дейді.
Наталья Малицкая, Қазақстаннан қоныс аударған репатриант:
– Мен Қазақстанда 13 жылдан астам уақыт өңірлік поляк орталығын басқардым. Сол жылдары Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болдым. Шынымды айтсам, Қазақстаннан кеткім келген жоқ. Құжаттарымды тапсырғаныммен, көшуге аса құлшыныс танытпадым. Қазір де Қазақстанмен байланысымды үзген емеспін. Көкшетауда әпкем тұрады. Талдықорғанда отбасымен бірге ұлым тұрады.
Қазақ жері – поляктардың бірнеше буыны үшін туған мекенге айналған. Олар мыңдаған шақырым алыста өмір сүрсе де, балаларына қазақтың салт-дәстүрін үйретеді. Хабар-ошар алып Қазақстандағы игі бастамаларға әрдайым қуанып отырады. Республика күні де қазақстандықтарға ақжарма тілектерін жолдады.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан
Тегтер #24KZ #Достық үйі #республика күні #Варшава #ПольшаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz