Астанада Орталық Азия елдерінің Бала құқықтары жөніндегі уәкілдерінің II халықаралық форумы өтіп жатыр.
“Балалар үні: ұлттық стратегиялар және қауіпсіз цифрлық орта” тақырыбына арналған жиынға халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері келген. Іс-шарада бала құқықтарын қорғауды жетілдіру жолдары талқыланады деп жоспарланған.
Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:
- Форумда балаларды цифрлық ортадағы қауіп-қатерлерден қорғау, оларды психологиялық қолдау және барлық балаға тең мүмкіндік жасау мәселелері талқыланып жатыр. Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла М’жид, Орталық Азия елдерінің, Жапония мен Финляндияның бала құқықтары жөніндегі уәкілдері, сондай-ақ Қытайдың балалар құқықтарын қорғауға жауапты органының басшылығы келген. Форумда алғашқылардың бірі болып ҚР Құрылтай Төрағасының орынбасары - Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева сөз сөйледі.
Динара Закиеваның айтуынша, балалардың құқықтарын қорғау бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде әр баланың болашағына инвестиция салу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, заңнаманы жетілдіру және қауіп-қатерді ерте анықтау бар. Мәселен, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балаларға бөлінеді. Сонымен қатар соңғы үш жылда балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған 11 заң қабылданды. Ал цифрлық құралдарды енгізу қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларды ерте анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ал балалардың сапалы білім мен қажетті көмекке қолжетімділігін арттыру үшін соңғы бес жылда мыңнан астам мектеп салынып, қолдау орталықтары ашылды. Елде 54 оңалту орталығы, 160 отбасын қолдау орталығы және бала құқықтары жөніндегі 20 басқарма ашылды. Бүгінгі форум аясында қатысушылар балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйелерін жетілдіру жолдарын қарастырып жатыр. Бұл алаңда уәкілдер халықаралық деңгейде тәжірибе алмасады. Ал 28–29 қазанда балалармен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер өткізу жоспарланған.
Тегтер #Астана #бала құқығы #форум #Динара Зәкиева #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz