Алматы облысында Iconic Complex жобасының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Кешен өңірлік технологиялық және инвестициялық хаб ретінде дамып жатқан жаңа қаланың маңызды сәулеттік нысаны болады. Құрылыстың басталуына арналған салтанатты рәсімде жобаның тұжырымдамасы таныстырылды.
Алатау мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық жоба ретінде дамып келеді. Iconic Complex Президентке биыл 2 маусымда Алматы облысына жасаған жұмыс сапары кезінде таныстырылды. Нысанның құрылысының басталуына арналған салтанатты жиынға Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев қатысып, жобаның маңыздылығы туралы айтты. Құрылыс барысында сапа стандарттарын, сейсмикалық қауіпсіздік талаптарын және энергия тиімділігін қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Бұл ғимарат ертең Алатаудың емес, Қазақстанның символы болуы мүмкін. Мына жақта басқаша болады, дүниежүзілік көшбасшылық ететін компанияларды алып келдік архитектуралық компанияларды, олар өздері тексереді, өздері кепілдік береді, егер бірдеңе ертең болса, үлкен-үлкен штрафпен шығатын болады, жауапкершілікке тартылатын болады. Ол бүкіл дүние жүзінде осындай тәртіп сақталған. Сондықтан біраз жаңалық болады, оны 1-2 айдың ішінде біз бекітетін боламыз. Қазір нормативтік-құқықтық актілер дайындалуда.
Iconic Complex жобасының сәулеттік тұжырымдамасына сәйкес, мұнда биіктігі 272 метрлік зәулім нысан бой көтереді. 58 қабаттан тұратын ғимаратта бассейн, қонақүй, сауда орталығы мен А+ санатындағы кеңселер орналасады. Пирамида пішіндес ғимараттың екінші мұнарасының биіктігі 78 метр болады. Кешен құрылысына жалпы көлемі 800 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салынады. Жобаны 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Болашақта мұнда метро немесе ЛРТ тармағы тартылады. Үкіметтегілердің айтуынша, бұған қатысты нақты шешім қаңтар айында қабылданады. Құрылыстың бас мердігері – China State Construction Engineering корпорациясы. Ал кешеннің сәулеттік тұжырымдамасын америкалық компаниялар әзірлеген.
Гао Бао, CSCEC International директорлар кеңесінің төрағасы:
- Біз бүгін Алатау сити үшін аса маңызды жобалардың бірін жүзеге асыруға кірістік. Сондықтан бұл бәріміз үшін өте қуанышты күн. Бізге қолдау білдіріп, үлкен сенім артқан Қазақстан билігіне айтар алғысым шексіз. Бізді алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біз әлемнің жүзден астам елінде көпфункционалды кешендерді салдық, жинаған тәжірибеміз мол. Алдағы уақытта бәріміз жұмылып, стратегиялық жобаны сәтті жүзеге асырамыз деген сенімдемін.
Габриэле Пасколини, SKIDMORE, OWINGS & MERRILL (SOM) сәулет бюросының Еуропадағы бөлімшесінің басшысы:
- Бұл Қазақстандағы пирамида пішінінде салынатын заманға сай, келбеті келіскен ең биік ғимараттардың бірі болады. Алатау баурайында бой көтеретіндіктен, қоршаған ортаға кері әсерін тигізбеу және сейсмикалық қауіпсіздік мәселелеріне айрықша назар аударылады. Біз бұған дейін Бурдж Халифа, Фридом Тауэр жобаларын жүзеге асыруға қатыстық. Сондықтан жаңа нысанның құрылысына халықаралық деңгейде мойындалған ең мықты инженерлеріміз бен кәсіби білікті мамандарымыз жұмылдырылады.
Қазір Алатау қаласының инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,9 млрд АҚШ долларына бағаланған 67 жоба бар. Оларды жүзеге асыру нәтижесінде шамамен 55 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Алатаудың дамуы Алматы агломерациямен тығыз байланысты. Бүгінде Алатау Ситиде электр және ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту, жол жөндеу жұмыстарына бағытталған 30 шақты жоба жүзеге асып жатыр. «Инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғыртуға үкіметтен 35 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Ол болашақта 50 млрд теңгеге жетуі мүмкін», – деді үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев.
Авторлары Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай
Тегтер #алатау сити #Iconic Complex #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz