RU
Толық нұсқаға өту

Жылу желілерінің тозуы 42 пайызға төмендейді

27.10.2026, 13:30 48

 Елде жаздағы жұмыстың нәтижесі сыналатын кез алыс емес.

Қазақстанда жылу және электр желілерін жаңғырту қарқын алған. Бұл мақсатқа триллиондаған теңге бөлініп, ұлттық жоба аясында ауқымды іс атқарылып жатыр. Осылайша, алдағы 3 жылда жылумен қамту жайы жақсармақ. Себебі республикада желілердің тозуы деңгейі 42 пайызға дейін төмендету міндеті тұр.

Қыс қамын жаз ойлаған Ақтөбеде жылу желілерін жаңғырту жұмыстары ерекше қарқын алған. Қаладағы жылу жүйесінің күретамыры саналатын 312 атқыштар дивизиясы даңғылы бойындағы магистральдің қосалқы құбырлары ауыстырылып жатыр. Биыл 3,5 шақырым желі жаңартылса, келер жылы тағы 1,7 шақырым құбыр жаңаланады. Жылыту маусымында ешқандай кедергісіз жоспарлы шаруаны аяқтаймыз деп отыр мердігерлер. 

Нұркен Нұрымбет, "Влад" ЖШС директорының орынбасары:

- Үш жарым шақырымның қазіргі таңда екі километр үш жүз метрі толық монтаждалып тұр. Қалған труба нысан басына келді бүгін. Материал жағынан ешқандай кешіктіру жоқ. Диаметрі 820 трубаның, қалыңдығы 9 мм. Өзінің технологиясы бар ОДК деп аталатын. Сол бойынша барлығы салынады.

Алдағы міндет қалада 5 шақырымнан астам жылу құбырын жаңалау. Қазір бұл жұмыс 70 пайызға аяқталып қалыпты. Ауқымды іс «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатыр. Қызығын енді қыста қараша көрмек. Ел игілігіне бағытталған бастама келер жылы да жалғасын табады. Облыс орталығында тағы 4 жобаны жүзеге асыру 2027 жылдың жоспарына енді. 

Ержан Мейірхан, "AQTOBE SU-ENERGY GROUP" АҚ құрылыс бөлімінің басшысы: 

- Алты жобаның екеуі осы жылу желісі. Екеуі су жабдықтау жүйесі бойынша. Сондай-ақ кәріз су құю бекеті, сорғы станция дейміз, ішіндегі технологиялық жағы жаңартылатын болады. Задвижка, сорғылары жаңартылады. Сондай-ақ Құндақтықыр ұңғымасында жеті ұңғыма қайта бұрғылаудан өтетін болады. 

Қыс – коммуналдық саланың ала жаздай атқарған жұмысы сыналатын шақ. Биыл ел бойынша 377 шақырым жылу желісі жөнделді. Жоспардағы 17,1 мың км электр беру желісі, 444 қосалқы станция және 3 408 тарату құрылғысы мен трансформаторлық қосалқы станция жаңаланды. Негізгі жұмыстар Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында атқарылған. «Халық қыстан қысылмай шығу үшін жұмыстарды кестеге сай атқарып жатырмыз» - деді сала өкілі. Ақпарынша, желілердің тозу деңгейін жыл соңына дейін 48 пайызға төмендету көзделген. 

Ғабиден Гауанов, ҚР Энергетика министрлігі мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті басқарма басшысы:

– Осыдан 3-4 жыл бұрын тозу деңгейі 57 пайызды құрады. Қазіргі таңда 3 жылда атқарылған жұмыстардың арқасында көрсеткіш 50 пайызға дейін көшті. Биылғы жылдың қорытындысымен 48 пайызға жеткіземіз. Ұлттық жобамыз бар ол 2029 жылға дейін. 

Қазақстанның инженерлік инфрақұрылымы толық жаңартылады. Президент тапсырма берді, үкімет іске кірісіп кетті. 3 жылдық ауқымды жұмысқа 13 трлн теңге бөлінген. Оның 6 трлн 800 млрд теңгесі  коммуналдық секторға, ал 6 трлн 200 млрд теңге – энергетика секторына бағытталады. Жоспар ойдағыдай орындалса, 84 мың шақырым инженерлік желі жаңғыртылады. Жалпы қуаты 7000 мегаваттан асатын энергия көздері іске қосылмақ.

Авторлары Кәмшат Мұхамеджан, Ырыстанбек Оспанов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz