Қазақстанда құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жұмыстары жалғасып жатыр. Қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, кассациялық соттар жұмысын бастады. Сонымен қатар интернет-алаяқтықпен күрес күшейтіліп, инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілуде. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының доценті Бүркіт Нұрмағамбетов «24KZ» арнасында айтты.
2025 жылғы Жолдаудан кейін бірқатар нақты өзгерістер болды. Сарапшының айтуынша, негізгі өзгерістердің бірі — қылмыстық заңнаманы жетілдіру. 2025 жылы сталкинг пен некеге тұруға мәжбүрлеуге қатысты құқықтық нормалар енгізілді. Сондай-ақ азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарайтын үш тәуелсіз кассациялық сот жұмысын бастады. Жаңа тәртіп бойынша кассациялық шағымдарды қарау рәсімі өзгеріп, сот шешімдерін қайта қараудың қолжетімділігін арттыру көзделген.
Цифрлық технологияларды пайдалану да құқық қорғау жүйесінің маңызды бағытына айналып отыр. Интернет-алаяқтық пен криптовалютаға байланысты қылмыстарды анықтау үшін цифрлық талдау құралдары қолданылуда. Сонымен қатар байланыс операторларымен бірлесіп, SIM-карталарды сату мен тіркеуге қатысты талаптарды күшейту шаралары қолға алынған.
Құқық қорғау органдарының жұмысына заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Қаржылық алаяқтық пен криптовалютаға байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау үшін цифрлық талдау бағдарламалары іске қосылды, -деді Бүркіт Нұрмағамбетов
Бұдан бөлек, инвесторларды қорғау және бизнеске негізсіз қысым көрсетуге жол бермеу мәселесіне басымдық берілген. Сарапшының сөзінше, инвесторларға қатысты шектеу шараларын қолдану кезінде прокурорлық бақылау күшейтілмек. Ал есірткі бизнесімен, соның ішінде синтетикалық есірткі өндіретін зертханаларды ұйымдастырумен айналысатындарға қарсы күрес те қатаңдатылып отыр.
Маман реформалардың тиімділігін тек қабылданған заңдар санымен бағалауға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, басты көрсеткіштер — азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі мен қоғамдағы қауіпсіздік деңгейі. Бұл үшін құқықтық сауаттылықты арттыру және заңға құрмет қалыптастыру қажет.
Реформалар қабылданған заңдардың санына байланысты бағаланбайды. Ең алдымен азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімі мен олардың қауіпсіздігі маңызды. Құқықтық сауаттылық пен мәдениет артқан жағдайда ғана реформалар нақты нәтижеге жетеді, - деді доцент
Бұл бағытта білім беру ұйымдарында құқықтық тәрбиеге де көңіл бөлініп отыр. Академия өкілінің айтуынша, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мектептер мен жоғары оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал жасанды интеллект пен бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды ашуға көмектеседі.
Мәселен, камераларға енгізілген тұлғаны тану технологиялары құқық қорғау органдарының мүмкіндігін кеңейтеді. Дегенмен маманның пікірінше, цифрлық құралдармен қатар, азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру да маңызды.
Осылайша, құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың түпкі мақсаты — азаматтардың құқығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және қоғамда заңға деген құрметті арттыру.
Тегтер #құқық қорғау #сот жүйесі #реформа #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz