RU
Толық нұсқаға өту

Елде кейінгі жеті жылда 772 елді мекен табиғи газға қосылды

27.10.2026, 19:25 32

Көгілдір отынмен қамту деңгейі 51-ден 64%-ға дейін өсті. Ал Түркістан облысында 378 елді мекен газбен қамтылды. Ауылдарды газдандыру деңгейі 80 пайызға жетті. Биыл облыс халқының 90,3 пайызы, яғни 1 млн 923 мың тұрғын өркениеттің игілігін көреді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында газдандыру жобасының үшінші кезеңі аяқталып, тұрғындарға табиғи газ берілді. Биыл 3 мыңнан аса ауыл тұрғыны көгілдір отынның қызығын көреді. Жауаптылар табиғи газдың берілуі ауыл халқының тұрмысын жақсартуға ықпал ететінін айтады. Ал ауыл жұртының қуанышында шек жоқ. «От жағып, күл шығардың азабынан құтылатын болдық», – дейді.

Төлебай Мырзақұл, Шұбарсу ауылының тұрғыны:

– Ауылға газдың келуі бұрынғы қиындықтардан арылып, тұрмысымыздың жақсарғанының белгісі деп ойлаймын. Бұрын қаншама жыл бойы көмір жағып, оны жеткізудің өзімен әуре болатынбыз. Алла осы қуанышымызды ұзақ қылғай! Мұны өркениетке қарай жасалған үлкен қадам деп есептеймін.

Шұбарсу – 30 мыңнан аса халқы бар аумағы кең елді мекен. Сондықтан мұндағы инфрақұрылымды дамыту – маңызды міндеттердің бірі. Табиғи газ ауылға кезең-кезеңмен беріледі.

Есімхан Қаюпов, Шұбарсу ауылының тұрғыны:

– Бұл – халықтың көптен күткен арманы еді. Қазір газдандырудың бірінші кезеңі іске асырылып жатыр. Газ Роланмедтен бастап тартылды. Енді кезең-кезеңімен Медикал жаққа, одан кейін Қазыбек би көшесіне беріледі екен. Осы жоспарлардың бәрі жүзеге асып, елімізге игілік әкелсін! Газ келіп, халықтың тұрмысы жақсара берсін.

Қазір төртінші кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Барлығы толық іске қосылғанда 15 мыңнан аса абонент табиғи газбен қамтылады. Жалпы жоба құны – 4 млрд теңгеден асады. Соңғы жеті жылда Ордабасы ауданында 45 елді мекенге көгілдір отын жеткізілді.

Биыл Түркістан облысында 73 ауылды табиғи газбен қамтуға 12,7 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 36 мыңнан аса халқы бар 34 елді мекен көгілдір отынмен қамтылады деп күтілуде. Мамандар газбен қамту көрсеткіші жылдан-жылға артып келе жатқанын айтады.

Роза Сариева, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Осыдан жеті жыл бұрын Түркістан облысында небәрі 423 елді мекен табиғи газбен қамтылған болатын. Бұл өңірдегі ауылдардың 50,3 пайызы еді. Халық саны бойынша есептегенде, 1 млн 274 мың тұрғын, яғни облыс халқының 62,3 пайызы ғана көгілдір отынды тұтынды. Ал биыл облыстағы 801 елді мекеннің 640-ы немесе 79,9 пайызы көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл облыс халқының 90,3 пайызы биыл табиғи газдың игілігін көреді деген сөз.

Елімізде соңғы жеті жылда халықтың табиғи газға қолжетімділігін арттыру үшін жалпы құны 612 млрд теңгенің 821 жобасы іске асырылды. 31 мың шақырымнан астам газ құбыры тартылып, 772 елді мекен көгілдір отынмен қамтылды. Табиғи газды пайдаланушылар саны 9 жарым млн адамнан 13,1 млн-ға дейін өсті. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрмысын жеңілдетуге септігін тигізеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz