Шығыс Қазақстанда жылу көздерінің тиімділігін арттыру мақсатында бірнеше ірі жоба қолға алынды. Алтай ауданында 16 жылу сорғы станциясы жаңғыртылып жатыр. Ал Шемонаихада дәл осындай нысан құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды 24KZ.
«Бұл жыл сайын ұлғайып келе жатқан шағын қаланы алдағы уақытта үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін маңызды жоба», – дейді сала мамандары. 18 мың адам тұратын Шемонаиха қаласын жылумен қамту жыл сайын күрделеніп келеді. Халық саны өсіп жатыр. Әсіресе көпқабатты тұрғын-үй құрылысы қарқынды. Гүлназ Қазыбекқызы жаңадан салынған ықшам ауданда тұрады. «Қатты аязда пәтер қоңырсалқын болып, мазамыз қашады», – дейді ол.
Гүлназ Қазыбекқызы, Шемонаиха қаласының тұрғыны:
– Жоқ деуге де келмейді, бар деуге де келмейді. Десе де көбінесе қысым төмендеп, үй салқындап кетеді. Сондықтан кейде үйде болмауға тырысамыз. Баланы алып, жер үйге барып, сәл жылынуға тырысамыз.
«Жылу орталығы қызметін тұтынушылар қатары артқан сайын шеткері аудандарда қысымның жетпей қалуы заңды», – дейді мамандар. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін бір жыл бұрын сорғы станциясы салына бастады. Құны 1 млрд теңгеден асатын маңызды нысан құрылысын қаржыландыру жағынан қиындықтар туындағанмен, былтыр жыл аяғында ол сұрақ та оңды шешіліп, шаруа жанданды. Енді қалған қаржы бөлінсе, келесі айда мекеме толық іске қосылады.
Досжан Сейіткамал, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
– Облыстық бюджетте бұл жобаға 75 млн теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Басқарма тарапынан бюджетке қатысты өтінім облыстық мәслихатқа бірнеше рет енгізілді. Қазір барлық деңгейдегі мәслихаттар таратылғандықтан, жаңа мәслихатқа осы жоба бойынша қосымша 75 млн теңге бөлу туралы өтінім қайта ұсынылады. Нысанды қаржыландыру мәселесі ерекше бақылауымызда.
Қазір нысанның 97 проценті бітіп тұр. Жұмысшылар: «Ең соңғы электр аппаратын қосу ғана қалды», - дейді. Станция қазандықтан шығатын қысымды күшейтеді. Яғни жылумен қамту сапасын арттырады.
Қуат Кенжеханов, мердігер мекеме өкілі:
– Әзірге жылу толық қуатында беріліп жатқан жоқ. Қазір қазандықтың күшімен жұмыс істеп тұр. Электр қуатына қосу жұмыстары ғана қалды. Сорғыға қатысты жұмыстардан басқа, қалғанының бәрі дайын.
Жалпы облыстағы жылу көздерін жаңғыртуға арналған жоба көп. Мәселен, Алтай ауданында қысымды көтеретін 16 сорғы мекемесі жаңартылып жатыр. Ол үшін 429 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар аймақта 45 шақырымға жуық жылу желісі жөнделді. Осылайша, тозу деңгейін 3 жарым процентке төмендету көзделген.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #ШҚО #сорғы станциясы #құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz