RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда суретшілер ескі аулаларды кенепке түсіріп жүр

27.10.2026, 22:12 38

Алматының ескі аулалары картина сюжетіне айналды. Әр апта сайын пастель өнері қауымдастығының мүшелері бұрынғы үйлерді бейнелеу үшін жиналады. «Тыныш аула» жобасы кескіндеме өнеріне бейжай қарамайтын қылқалам шеберлерінің басын қосты. Суретшілер мегаполис картасынан біртіндеп жойылып бара жатқан ғимараттардың суретін салып, өткен дәуірдің естелігін кенепке түсіреді, деп хабарлайды 24KZ.

«Тыныш аула» жобасы пейзаж шебері Марат Төтеевтің бастамасымен қолға алынған. Көрме өткізу үшін пастель өнері қауымдастығы алдын ала дайындалады. Пастель – нәзік түс ауысумен ерекшеленетін ерекше кескіндеме мен графика жанры. Суретшілер жаз бен күз бойы жақын арада бұзылып кетуі мүмкін үй-жайды бейнелеп қалуға тырысып жүр. Бұл жолы қылқалам шеберлерінің таңдауы халық арасында «биокомбинат үйлері» аталып кеткен ғимаратқа түсті. Нысанда кеңестік кезеңде сылақпен салынған өрнектер сақталған.

Виктория Трофимович, суретші:

– Әр қаланың, әр елдің, әр халықтың өз тарихы мен мәдени коды бар емес пе? Ескі аулалар да қаламыздың мәдени кодының бір бөлігі. Олар Медеу, Көктөбе, Шымбұлақ пен «Апталық» субұрқағы секілді Алматының өзіндік ерекшелігін айқындайды. Біз аулаларда сурет сала бастағанда, жергілікті тұрғындар жанына келіп: «Өтінеміз, біздің үйді де салыңыздаршы! Мұнда келгендеріңіз қандай жақсы болды!» – деп жатады. Тіпті қаланың ең көрікті жерлерін өздері көрсетіп береді.

Алматы күзде ерекше әдемі. Осы кезде мыңбояулы ғажайып шаһарға айналады. Жапырақтың қанық түсі мен суретшілер ғана байқайтын ұзара түскен көлеңке қала көркін айқындай түседі. Суретші Светлана Кокоткина туған қаласына шексіз ғашық. Ол күнделікті өмірдегі қарапайым дүниелердің өзінен сұлулық таба біледі. Жабайы жүзім шырмап өскен қисайған қоршаудан да, түсі оңып кеткен шатыр тақтайшасынан да әдемілік табады.

Светлана Кокоткина, суретші:

– Біз осы естеліктердің сақталып қалғанын қалаймыз. Өйткені мұндай үйлер мен ескі аудандар біртіндеп жойылып барады. Мәселен, Байзақов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үй бұзылып кетті. Шәріпов пен Шевченко көшелерінің қиылысындағы үй де биыл сүрілді. Ал мен сол үйлерді картиналарымда дәл осындай шуақты әрі әдемі қалпында сақтап қалдым.

Тарихқа, табиғатқа, жарық пен көлеңкенің үйлесіміне тәнті болған суретшілер бір ауланы бейнелесе де, әрқайсысы оны өзінше жеткізеді. Көшеде танымал қылқалам шеберлерін күнде кездестіре алмайсыз. Жас суретшілермен қатар, тәжірибелі қылқалам шеберлері де мұндай мүмкіндікті жібергісі келмейді. Арасында Ақылбек Тампиев бар.

Ақылбек Тампиев, суретші:

– Ескі заманда салынған үйлер өзіндік сәулетімен ерекше. Қазіргі заманауи үйлермен салыстырғанда, көзге жылы көрінеді. Сондықтан бұларды сүріп тастағанша, сақтап қалсақ дейміз. Әріптестермен бірге осындай үйлерді суретке түсіруге жиі шығамыз. Өзімізге қатты ұнайды. Оның үстіне, күз мезгілі қандай керемет!

«Тыныш аула» жобасы аясында салынған туындылар көпшілікке таныстырылады. Көрме желтоқсан айында Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық Өнер музейінде өтеді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz