Петропавлдың ботаника бағындағы оранжереяға «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесі берілді. Мұнда әлемнің әр түкпірінен жеткізілген 2 мыңға жуық тропикалық өсімдік өседі.
Арасында бірнеше ғасырлық тарихы бар ағаштар да жайқалып тұр. Бұл нысан биыл жазда «Ерекше қорғалатын табиғи аумақ» мәртебесін де алған еді.
Аснурия Абдулла, тілші:
- Ботаника бағында 2 мыңға жуық тропикалық өсімдік бар. Әрқайсы ерекше күтімді қажет етеді. Ал мына ағаштың тұқымы 1795 жылы Меккеден әкелінген. Бұл сол дәннен өсіп шыққан құрма пальмасы. Бағбандар тоқтаусыз өскен алып ағаш жылыжайдың әйнек қабырғаларын сындыра ма деп қауіптенеді.
Любовь Вдовина, ботаника бағының қызметкері:
- Бұл ағаштарды өсіріп, күтіп-баптау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Қатты аязда тіпті қиын болатын. Пеш жағып, жылытуға тура келетін. Бір жылы шатырды жел ұшырып әкеткені есімде. Өсімдіктер үсіп қалмасын деп, оларды жұқа полиэтиленмен орап қойғанбыз. Мұндай сұлулықты сақтап қалуымыз керек.
Бақ директоры Артур Рязаповтың айтуынша, ұжым талай қиындықты бастан өткерді. Тіпті нысанды жекешелендіру және тарату мәселесі көтерілген кез де болды. Соған қарамастан табиғатты қорғаушылар бақтың маңызын дәлелдеп, айырықша мәртебеге қол жеткізуге күш салды.
Артур Рязапов, ботаника бағының директоры:
- Байқауға Петропавл, Алматы, Риддер және Ақтаудан төрт ұйым қатысты. Нәтижесінде мәртебе бізге берілді. Осы сәтті 3 жыл, 6 ай, 12 күн күттік. Мұндай атаққа ие болған жалғыз нысан атандық. Бұрын мәселелерді шешу үшін талай мекеменің есігін қағатынбыз. Енді тікелей құзырлы органдарға жүгіне аламыз. Әрине, жауапкершілік те артты.
Бұл еліміздегі ең көне бақ. Нысанда қазір 20-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Мұнда отандық туристерден бөлек, шетелден келген қонақтар да жиі бас сұғады. Әсіресе қыста тропикалық өсімдіктердің жайқалып тұрғанын көру көпшілікке ерекше әсер сыйлайды.
Светлана Краснопёрова, қала тұрғыны:
- Меніңше, біздің ботаника бағымыз бұл мәртебеге әбден лайық. Естігенде қатты қуандым. Маңызды нысан жойылмауы тиіс. Жылына бір-екі рет келіп тұрамын. Мұндағы көріністер көздің жауын алады. Қыста тіпті керемет. Әсіресе банандардың гүлдегенін көру керек.
Биыл жазда баққа ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілді. Нәтижесінде кешен мемлекет есебінен қаржыландыралатын болды. Мамандардың ғылыми зерттеумен айналысуына жол ашылды. Ал оранжереяның жаңа мәртебесі осынау бірегей өсімдіктер дүниесін сақтауға деген жауапкершілікті арттыра түсті.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #оранжерея #ботаника бағы #тропикалық өсімдік #ПетропавлPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz