RU
Толық нұсқаға өту

Жасанды интеллект және еңбек нарығы: білім беру жүйесіне қандай өзгерістер қажет

28.10.2026, 10:01 52

Жасанды интеллектіні мектептер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу — стратегиялық маңызы бар қадам. Себебі алдағы жылдары Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы әлеуеті жастардың жаңа білім мен дағдыларды қаншалықты меңгеретініне тікелей байланысты болады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы Жандар Асан «24KZ» арнасына берген сұқбатында айтты.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналу мақсаты білім беру мен ғылым саласына жаңа міндеттер жүктейді. Президенттің былтырғы Жолдауында да жоғары және орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, отандық ғылымды дамыту және оның нәтижелерін экономикада тиімді пайдалану мәселелері көтерілген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі, ең алдымен, жастардың жаңа технологияларды қаншалықты меңгергеніне байланысты.

Жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, отандық ғылымды дамыту және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау – ел дамуының маңызды бағыттары. Мемлекет басшысының Жолдауында да осы мәселелерге басымдық берілген. Бүгінде білім беру саласында жаңа технологияларды меңгерту, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу және түлектерді жұмыспен қамту мәселелері өзекті, - деді Жандар Асан.

Цифрлық дәуірде білім беру жүйесінің міндеті тек теориялық білім берумен шектелмейді. Жастар жасанды интеллектіні меңгеріп қана қоймай, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалап, оның шынайылығын ажырата білуі керек. Бұл ретте мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына жаңа технологияларды енгізудің маңызы зор.

Барлығы да жастардың, әсіресе мектеп оқушыларының, студенттердің, магистранттардың, докторанттардың жасанды интеллектіні қаншалықты меңгергеніне тікелей байланысты. Себебі жастар – қоғамның қозғаушы күші, - деді Жандар Асан.

Ғылым саласында да бірқатар міндет бар. Мемлекет жас ғалымдарды қолдап, ғылыми зерттеулерге қаржы бөліп келеді. Ендігі маңызды мәселе – зерттеу нәтижелерін нақты өндіріске енгізіп, олардың экономикаға пайдасын арттыру. Ол үшін жеке инвестиция тарту және ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайту қажет.

Сарапшының пікірінше, ғылыми жұмыстың нәтижесі тек жарияланыммен шектелмеуі керек. Оның ауыл шаруашылығы, су ресурстары және басқа да стратегиялық салаларда қолданылуы маңызды. Дегенмен іргелі ғылымның нәтижесі бірден көрінбеуі мүмкін. Сондықтан оны қолдау ұзақ мерзімді көзқарасты талап етеді.

Білім беру саласындағы тағы бір түйткіл – жастардың алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы. Бұған еңбекақының төмендігі, еңбек нарығындағы сұраныстың өзгеруі және кәсіби бағдардың жеткіліксіздігі әсер етуі мүмкін. Сондықтан мамандық таңдауда тек грант санына немесе оның танымалдығына сүйенбей, болашақтағы еңбек нарығының қажеттілігін де ескеру қажет.

Сарапшы кәсіби бағдар беру жұмысын мектептің жоғары сыныптарынан бастап, жүйелі жүргізу керек екенін атап өтті. Бұл жастарға қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдауға, ал болашақта өз саласында сұранысқа ие болуға мүмкіндік береді.

Тоғызыншы, оныншы, он бірінші сыныптардан бастап кәсіби бағдар беру жұмысын жандандырған абзал. Алдағы бесжылдықта, онжылдықта қандай мамандар сұранысқа ие болатынына талдау жүргізілуі керек, - деді Жандар Асан.

Жасанды интеллектіні меңгерген ұрпақ қалыптастыру, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу және еңбек нарығына сай мамандар даярлау – өзара тығыз байланысты міндеттер. Бұл бағыттарда білім беру ұйымдары, ғылыми мекемелер және жұмыс берушілер бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz