Маңғыстаудағы Құрық порты арқылы өтетін жүк ағыны кейінгі 6 жылда 42,8 пайызға артты, деп хабарлайды 24KZ.
Теңіз айлағынан былтыр 2 млн тоннаға жуық тауар өтсе, биыл 6 айда 884 мың тонна жүк тиелді. Соның 306 мың тоннасы автомобиль тасымалына тиесілі.
Аумағы 97,6 гектар болатын су айлағы Транскаспий халықаралық көлік бағдарының, яғни «Орта дәліздің» маңызды бөлігі саналады. Заманауи үлгідегі теңіз порты жылына 6 млн тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Биыл 6 айда 884 мың 800 тонна жүк өңделген.
Амандық Құсайынов, «Құрық порты» ЖШС диспетчері:
– Химия, қауіпті жүктер натрий, селитра жүктері бар, мұнай өнімдері бар. Күніне 4 паром қабылдаймыз. Максималды 48-50 вагонға. Алят портынан шыққаннан бастап бақылауға аламыз және кететін экспорт бағытына жүк көліктерін, вагондарды сол паромға дайындаймыз.
Теңіз айлағы арқылы былтыр 2 млн тоннадай әртүрлі жүк өңделді. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2019 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион тоннадан сәл асқан. Осылайша, соңғы 6 жылда жүк ағыны 585 мың 900 тоннаға артып, жалпы өсім 42,8%-ға өсті. «Паромдарды өңдеу уақытының қысқаруымен Каспий маңы елдерімен арадағы кеме қатынасы да жақсарды. 2019 жылы портқа 586 су көлігі келсе, былтыр 711-ге жетті», – дейді мамандар.
Бақыткерей Әлібеков, «Құрық порты» ЖШС бас директорының орынбасары:
– Қытайдан шыққан жүктер Қазақстан арқылы Әзербайжан және Грузия арқылы Еуропа елдеріне қазір өтіп жатыр. Сол «Орта дәліздің» дамуында порт Құрық портының ролі өте маңызды. Осы жылы 2 млн 500 мың тонна өңдеу біздің жоспарымызда тұр және ол көрсеткіштер жылдан жылға өсіп келе жатыр. Теміржол вагондары да, жүк таситын автокөліктер де кезекке өте қарқынды келіп жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
– «Ел Президенті биылғы Жолдауында «Еуразияның негізгі көлік хабы ретіндегі орнын нығайту үшін еліміздің алдында бірқатар маңызды міндет тұр», – деді. Мемлекет басшысының сөзінше, ең алдымен, халықаралық бағыттарды қоса алғанда, көлік саласын толық цифрландыру қажет. Айта кетсек, соңғы жылдары Құрық порты қызметін цифрландыру жобаларының нәтижесінде теміржол паромын өңдеу уақыты 18 сағаттан 12 сағатқа, ал автомобиль паромын өңдеу мерзімі 10 сағаттан 6 сағатқа дейін қысқарды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #24KZ #Құрық порты #Маңғыстау облысы #орта дәліз #Транскаспийлік көлік дәлізі #жетістіктер #жолдау 2026Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz