Биыл Шымкентте қаржы пирамидалары тұрғындарға 1 миллиард теңгеге жуық шығын келтірді. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметі бойынша, күдіктілердің заңсыз әрекетіне қатысты 10 қылмыстық іс тіркелген.
Енді киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында жергілікті IT-командалар жаңа цифрлық жобалар ұсынып отыр.
Цифрландыру дәуірінде алаяқтардың да әдіс-тәсілдері өзгерді. Әлеуметтік желілерде жалған жарнамалар мен күдікті сілтемелер күн санап көбейіп барады. Мәселені шешу үшін шымкенттік ІТ-мамандар оннан астам инновациялық жоба ұсынды.
Тимур Қозыкеев, Shymkent Hub директоры:
- Сол жобалар автоматты түрде жасанды интеллектпен бұғаттау немесе қарсы алып, түрлі жұмыстарын атқарып жатыр. 12 проект өз жобаларын көрсетеді. Ең жақсыларын біз іріктеп аламыз.
17 жастағы Дінахмет Спаттың цифрлық қауіпсіздікті күшейтуге арналған жобасы үздік деп танылды. Жасанды интеллектке негізделген платформа күмәнді сайттарды автоматты түрде анықтап, қауіптің алдын алуға көмектеседі. Нәтижесінде қаржы пирамидалары мен заңсыз ойындарды дер кезінде әшкерелеуге мүмкіндік береді.
Дінахмет Спат, SafeNet Hackathon байқауының жеңімпазы
- Мен ұсынып отырған платформа ең біріншіден, аталар мен әжелер, яғни технологияны қатты түсінбейтін адамдарға көмектеседі. Яғни оларды алаяқтардан сақтайды. Екіншіден, алаяқтық схемаларды, сайттарды, пирамидалық сайттарды тезірек анықтауға көмектеседі.
Киберқауіпсіздік елдің стратегиялық міндетіне айналды. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, жыл сайын қаржы пирамидаларына қатысты кемінде он қылмыстық іс тіркеледі. Сондықтан жоба авторларымен бірлесіп, оның алдын алуға басымдық берілді.
Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:
- Біздің азаматтарымыз сол жобаларға сеніп, өздерінің бар ақшаларын, үйлерін сатып, кредит алып, қаржы пирамидасына салу деректері орын алып тұрады. Жыл сайын ондаған қаржы пирамидасы бойынша салынады. Одан бөлек бізде заңсыз ойын бизнесі, дропперлік қылмыстар да жастар арасында көп орын алып отыр. Бұл бойынша примитивті жұмыстарды жүргізу бағытында осы іс-шарамыздың мақсаты да сол.
Мемлекет басшысы Жолдауында цифрлық технологиялар халықтың өмірін жеңілдетуге тиіс екенін атап өткен еді. Осы бағыттағы «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында ақпараттық кеңістікті қорғау және тұрғындарды онлайн алаяқтықтан сақтайтын бірыңғай экожүйе құруға басымдық берілді. «Ал жастардың озық жобасы осы міндеттерді жүзеге асыруға септігін тигізеді», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #киберқауіпсіздік #жоба #қаржы пирамидасы #IT #цифрлық жоба #ШымкентPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz