Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар 480 колледжде даярланады. Қазір бұл оқу орындарында 131 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды 24KZ.
Министрдің мәліметінше, елімізде 763 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оларда 577 мыңға жуық студент оқиды. 2030 жылға қарай студенттер санын 681 мыңға дейін арттыру жоспарланған.
Еңбек нарығының сұранысын және ірі инвестициялық жобалардың қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, құрылыс саласы бойынша колледждерде 13 мыңға жуық студент білім алуда.
Келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жоспарланғандықтан, сұранысқа ие мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ колледждердің жұмыс берушілермен байланысын нығайтуға басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігі білім берудің цифрлық инфрақұрылымын дамытып, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізуді жоспарлап отыр. Қолданыстағы оқытуды басқару жүйелерімен біріктірілетін Ұлттық білім беру деректер базасы бірыңғай цифрлық архитектураның негізгі бөлігіне айналады. Бұл цифрлық ресурстарды біріктіріп, мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқарту үшін Ұлттық білім берудің жасанды интеллект платформасы құрылып жатыр. Сонымен қатар педагогтердің міндетті құжаттары тізімін 25-тен 5-ке дейін азайту жоспарланған.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #колледждер #жұмысшы #жұмысшы мамандарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz