RU
Толық нұсқаға өту

Келер жылы «Халықтық құрылыс» жобасы басталады

29.10.2026, 13:40 39

Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Президент үлкен қозғалысқа «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды. Соның аясында әлеуметтік нысандар бой көтеріп, мыңдаған жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Ауқымды жоба аясында бірінші кезекте қандай нысандар салынады? 

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы ең ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ. Бірінші кезекте ел аумағында 8 заманауи перинаталды орталық салу көзделген. Бұдан басқа Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек.

Жолдауда Мемлекет басшысы өңірлердегі құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескерудің маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет. Бірінші кезекте жан жақты зерттеу және талдау жүргізу облыстардың және денсаулық сақтау, білім беру және мәдениент және спорт нысандарына дейін қажеттілігін, егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек.

Бағдарлама әлеуметтік нысандардың құрылысымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерліктің өркендеуіне, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал етеді.

Алтай Зейнелғабдин, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры:

- Құрылысты дамыту – біздің жан жақты инфраструктурамызды, экономикамыздың дамуына және біздің логистикалық әрі қарай дамыған мемлекетке айналуымызға әсер ететін үлкен бағыттің бірі.

Құрылтай депутаттарының пайымдауынша, бұл бастама құрылыс нарығына оң ықпал етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Илья Теренченко, Құрылтай депутаты:

- Халықтық құрылыс үлкен мультипликативті әсер береді. Бұл қосымша жұмыс орындары құрылып, үй құрылысы комбинаттары ашылып, өнеркәсіп дами түседі деген сөз. Мемлекетіміздің саясаты ауқымды құрылысқа бағытталғандықтан, құрылыс материалдарын кірпіш, іргетастар, плиталарын шығаратын кәсіпорындар ашылады, ал мұның бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға себеп болады.

Ауқымды құрылыс аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салумен қатар оны жаңғырту да назарда. Үкімет бұрын-соңды болмаған инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Ал Ұлттық қордан осы мақсатқа шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.

Олжас Нұралдинов, Құрылтай депутаты:

- Құрылыс ретінде ғана емес, менің ойымша, ол - цифрландыру, тағы басқа жақтың бәрінде инфрақұрылымды дамыту, цифрландыруды дамыту. Оның бәрі де құрылысқа жатады. Сол үшін инвестиция жағынан да, қаражат мәселесі де, бәрі жағынан ауқымды дамуға мүмкіншілігіміз бар.

Халық игілігі үшін ұсынылған жоба жылдам әрі сапалы іске асырылу керек. Мемлекет басшысы Үкіметке осындай міндет жүктеді. Жобаға сай жоспар жаңа жылға дейін әзірленбек.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Альмира Оразбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz