RU
Толық нұсқаға өту
фото: ЖИ

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық берілмек

29.10.2026, 14:48 43

Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, дайын тауар экспортын арттыруға басымдық беріледі. Бұл үшін астықты сақтау және тасымалдау жүйесін жетілдіру, өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін пайдалану көзделіп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатипова 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан шикізат экспорттаумен қатар, дайын өнім өндірісін де дамытуы керек. Мәселен, былтыр елде 3,6 млн тонна ұн өндіріліп, оның 1,9 млн тоннасы экспортталған. Ұн экспорты бойынша Қазақстан әлемде Түркиядан кейін екінші орында тұр.

Біз қайта өңдеуге көңіл бөліп, оның көлемін ұлғайтамыз. Бірақ шикізат бидай экспорты бойынша да өз орнымызды жоғалтпауымыз керек. Екеуін қатар дамыту жоспарымыз бар, – деді Назгүл Хатипова.

Ет экспортында дайын өнімнің үлесі артып келеді

Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мал шаруашылығында да маңызды. Вице-министрдің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстан 15 мың тонна ет экспорттаса, былтыр бұл көрсеткіш 30 мың тоннадан асқан. Ал биылғы жылдың алғашқы 10 айында шетелге 40 мың тоннаға жуық ет өнімі жөнелтілген.

Назгүл Хатипованың айтуынша, экспорттық шектеулер ішкі нарықты қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге және бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Сонымен бірге шикізат емес, дайын өнім экспортын арттыру көзделген.

Астық сақтау мен тасымалдау мәселесі шешіліп жатыр

Биыл Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды. Елдегі астық сақтау кәсіпорындарының жалпы сыйымдылығы 30,5 млн тоннаға жетеді. Вице-министрдің айтуынша, бұл жиналған өнімді сақтауға жеткілікті.

Ал астық экспорты артқан сайын теміржолға түсетін салмақ та көбейген. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі, Көлік министрлігі және «Қазақстан темір жолы» өнім көлемі мен экспорт жоспарын алдын ала келісіп отырады.

Қазіргі кезде айтарлықтай мәселе жоқ. Бір-екі апта бұрын Өзбекстан шекарасында уақытша кептеліс болды, бірақ ол тез шешілді. Қазір негізгі экспорт бағыттарында, соның ішінде Орталық Азия елдері мен Қытайға жөнелтуде проблема жоқ, – деді вице-министр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz