Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту шарт. Күні кеше Қазақстан халқына Жолдауында Президент Үкіметке осындай міндетті жүктегені мәлім.
Мемлекеттік қызметшілердің тиімділігін арттырып, бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде алда түбегейлі өзгерістер болмақ. Оларға арналған жаңа әдеп қағидаттары әзірленіп, бармақ басты, көз қысты қадамдарға тосқауыл қойылады.
Мемлекеттің қуаты – басқару жүйесінің пәрменділігімен өлшенері хақ. Сәйкесінше оның қызметі қоғам талабымен үндесіп, жыл өткен сайын жаңғырып отыруы қажет.
Кешегі Жолдауында Президент басқару жүйесінің күретамырын қайта қарап, құрылымды өзгертумен ғана шектелмей, бюрократиялық кедергілерді азайту керектігін шегелеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет. Әрбір мекеме өз өкілеттігімен қатар, тұтас мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін нақты білуге тиіс. Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою керек.
Бұл мақсатта Мемлекет басшысы келер жылдың 1 маусымына дейін Президент әкімшілігіне мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуды тапсырды. Жоспар мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, түрлендіруі шарт.
Бақыт Злобин:
- Мемлекеттік басқаруды реформалау бойынша үлкен өзгерістердің бірі ол – әдеп, этика нормаларын, яғни мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысына айналдыру. Яғни ол жалпы өзгеріс емес, толыққанды реформа ретінде қарастыру керекпіз. Ол қай жағынан ең біріншіден, Конституцияда көрсетілген бірнеше бағытты айқындайтын принциптер. Ол Заң мен тәртіп, Әділетті Қазақстан, Адал азамат және ең біріншіден, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру.
Көштен қалмай, жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру үшін билік аппаратының страгегиялық бағдары мығым, бағыты айқын болуы тиіс. Бұл тұрғыда Президент елдіктің іргесін әділдік қағидатымен бекемдеу қажеттігін алға тартты. Десе де, сана жаңғырмаса, заңдарды жетілдірудің, саяси институттарды нығайтудың реформалық жаңғыруда дәрменсіз екенін жоққа шығармады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек. «Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды.
Алтай Зейнелғабдин, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
- Біздің академияда тұрған осы ғылыммен шұғылданып жүрген магистранттар, докторанттар мемлекеттік басқару саласын жетілдіру мәселесін, механизмін таңдап жүрген азаматтардың алдында үлкен міндеттеме деп ойлаймын. Сондықтан да біздердің осы үлкен мәселеге кірісуіміз туралы және ол мәселелерді талқылау жағынан әлі де болса, көптеген пікірталастарды жүргізу керек деп ойлаймын.
Жолдауда жүктелген міндеттер мемлекеттік басқарудың барлық сатысын – Үкіметтен бастап, ауыл әкімдеріне дейінгі тұтас жүйені қамтымақ. Басқару тетіктері қайта қаралып, жұмыстың тиімділігі мен нәтижесіне қойылар талаптың күшейе түсері анық. Ал цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект билік жұмысының жаңа мүмкіндіктерін ашып, шешім қабылдау үдерісін жеделдетуге тиіс.
Авторы: Назым Кенжебай
Тегтер #Жолдау2026 #мемлекеттік аппарат #қағазбастылықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz