Қазақстанда «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында әлеуметтік нысандар салуға және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 6,5 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Қаражат өңірлердің қажеттілігіне қарай мектептер, ауруханалар, спорт және мәдениет нысандарын салуға, сондай-ақ су және кәріз жүйелерін жаңартуға бағытталады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Стратегиялық құжаттарды жоспарлау және мониторингтеу басқармасының басшысы Амантай Телқожа 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, әлеуметтік нысандардың тізімі өңірлермен және салалық министрліктермен бірлесіп жасалады. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігінің өңірлік саясат жүйесі негізге алынып, әр аймақтың қажеттілігі мен инфрақұрылым тапшылығы ескеріледі.
Қаражат ең алдымен әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады, – деді Амантай Телқожа.
Министрлік өкілінің мәліметінше, су бұру және кәріз тазарту құрылыстарын салу мен жаңғыртуға қазірдің өзінде 17 нысан бойынша қаржыландыру қарастырылған.
Бұдан бөлек, коммуналдық және энергетикалық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында жылу, су бұру және кәріз тазарту жүйелерін жаңартуға 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген.
Жоспар бойынша, шамамен 5 мың шақырым су құбыры желісі мен 28 мың шақырымға жуық су бұру жүйесін жаңғырту, сондай-ақ 45 кәріз тазарту құрылысын салу және қайта жаңарту көзделген.
Құрылыс сапасы қалай бақыланады?
Амантай Телқожаның айтуынша, «Халықтық құрылыс» аясындағы нысандарға бөлінетін қаражат республикалық бюджеттік комиссия арқылы қаралып, оның жұмсалуы әр кезеңде бақылауда болады.
Ал құрылыс сапасы авторлық және техникалық қадағалау, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарының тексеруі арқылы бақыланады.
Биыл қабылданып, күшіне енген Құрылыс кодексінде нысандардың қауіпсіздігіне, құрылыс сапасына және мердігер ұйымдардың жауапкершілігіне қатысты талаптар белгіленген. Атап айтқанда, құрылыс нысандарына кемінде бес жыл, ал қасбеттер мен құрылыс құрылымдарына кемінде он жыл кепілдік мерзімі қарастырылған.
Егер мердігер жұмысты сапасыз орындаса немесе құрылыс мерзімін кешіктірсе, оған шарт талаптарына сәйкес айыппұл мен өсімпұл салынуы мүмкін.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #инфрақұрлым #құрылыс #халықтық құрылысPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz