Қазақстанда емханалардағы дәрігерлердің жүктемесін азайтып, науқастарға көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау көзделіп отыр. Бұл үшін медбикелердің міндеттерін кеңейту, жасанды интеллектіні енгізу және алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай арттыру жоспарланған. Бұл туралы Астана қаласындағы №5 емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, алғашқы медициналық көмек – денсаулық сақтау жүйесінің негізгі буыны. Емханаларда тұрғындар профилактикалық тексеруден өтіп, созылмалы аурулар бойынша бақылауда болады және қажет болған жағдайда бейінді мамандарға жолдама алады. Сондықтан алғашқы медициналық көмектің сапасы науқастың қажетті емді уақытылы алуына тікелей әсер етеді.
Дәрігер науқасқа көбірек уақыт бөлуі керек
Алтыншаш Табулдинаның айтуынша, учаскелік дәрігерлердің жұмысын оңтайландыру үшін олардың қағазбастылығын азайтып, бірқатар міндетті медбикелерге беру қажет. Бұл дәрігерлерге науқасты қабылдауға және емдеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
Медбикелер өз құзыреті шегінде созылмалы аурулары бар науқастарды бақылап, талдау нәтижелерін қадағалап, тағайындалған емнің тиімділігін бағалауға қатыса алады. Мұндай тәжірибе №5 емханада да қолданылып келеді.
Жасанды интеллект дәрігерлерге көмектеседі
Емханалар жұмысын жетілдірудің тағы бір бағыты – цифрландыру. Қазір медициналық ақпараттық жүйелер электронды рецепт рәсімдеуге, вакцинация туралы мәлімет енгізуге және пациенттің медициналық деректерін қарауға мүмкіндік береді. Алайда жүйелердің толық интеграцияланбауы дәрігерлердің уақытын алады.
Бас дәрігердің пікірінше, жасанды интеллект дәрігерге науқастың жағдайы туралы қажетті мәліметтерді жинақтауға және әрі қарайғы әрекеттерді жоспарлауға көмектесе алады.
Жасанды интеллектіні кеңінен пайдалануымыз керек. Ол дәрігерге қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сүйеніп, стандартты шешімдерді ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ науқастың қандай шағыммен келгенін анықтап, оның диспансерлік есепте бар-жоғын, қандай тексерулерден өтуі керектігін еске салады, – деді Алтыншаш Табулдина.
Медицина қызметкерлерінің жалақысы артады
Президент Жолдауында алғашқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін арттыру тапсырылған. Емхана бас дәрігерінің пікірінше, бұл медицина қызметкерлерін жұмыста ұстап қалуға және кадр тапшылығын азайтуға ықпал етуі мүмкін.
Оның айтуынша, учаскелік дәрігерлер күніне әртүрлі шағымы бар ондаған науқасты қабылдайды. Сондықтан мамандарды сақтап қалу үшін жалақымен қатар, жұмыс жағдайын жақсарту, кәсіби дағдыларын дамыту және командалық жұмысты күшейту маңызды.
Біз бұл шаралар медицина мамандарын жұмыста ұстап қалуға ықпал етеді деп күтеміз, – деді бас дәрігер.
Жалпы, дәрігерлер мен медбикелердің міндеттерін тиімді бөлу, цифрлық технологияларды енгізу және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға бағытталған.
Тегтер #24жаңалықтар #24KZ #жолдау 2026 #медицина қызметкері #емханаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz