RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру талқыланды

29.10.2026, 22:00 32

Абай облысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен актив отырысына басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Қала және аудан әкімдері жиынға бейнебайланыс арқылы қосылды.

Өңірде Президент көтерген «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, Семейдегі жаңа төрт жолақты көпір, Ақтоғай мыс балқыту зауыты мен ет өңдеу кешені бар. Ал ауыл шаруашылығы саласында 19 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Өңірде өндірілетін шикізатты облысымызда терең өңдеуге басымдық беруіміз қажет. Мәселен, күнбағыс өнімдерін өндірумен қатар одан дайын азық-түлік өнімдерін шығару. Етті терең өңдеу, сүт өнімдерінің түрлерін көбейту маңызды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде сатуға тәуелділікті азайтып, шаруалардың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 

«Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде шығармашылық және медиа орталықтар, дене шынықтыру-сауықтыру және инклюзивті спорт кешендері салынып жатыр. Алдағы жылдары жаңа театр, облыстық және балалар ауруханаларының құрылысы жоспарланған.

Мұрат Алин, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Бүкіл Қазақстан көлемінде ауқымды жұмыстар болатынын дәлелдеді. Келесі жылды "Халықтық құрылыс жылы" деп атауы бізді қуантып отыр. Жақсылық көбейе берсін.

Алмас Айтмұқаш, қоғам белсендісі:

- Аягөз-Бақты темір жолының іске қосылатыны айтылды. Бұл дегеніміз біздің өңір үшін, Абай облысының тұрғындары үшін жақсы қуанышты жаңалық. 

Жиында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қаралды. Облыс әкімі «Аягөз – Бақты» темір жолының құрылысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасын жақсарту, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ету міндеттеріне тоқталды. 

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz