RU
Толық нұсқаға өту

Шымкенттік ғалымдардың өндіріске арналған ғылыми жобалары көрмеге қойылды

30.10.2026, 07:30 56

Олар тамақ пен жеңіл өнеркәсіп, металлургия және өңдеу саласына қажетті тың идеясын таныстырды. 

Қалада ғылым мен бизнестің ынтымақтастығын нығайтуға көңіл бөлінуде. Жоғары оқу орындарының ғалымдары өндірісті өркендетуге үлес қоспақ.

Президент те  өз Жолдауында білім мен ғылымды дамытып, өндіріске жаңашылдық енгізу туралы айтқан еді. Сондай-ақ еңбек нарығының сұранысына сай білікті маман даярлау ел дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.

Университет қабырғасында ұйымдастырылған ғылыми жобалар көрмесінде инновациялық идеялар таныстырылды. Кәсіпкерлерге тәжірибелік зертханада әзірленіп, авторлық құқығы қорғалған өнімдер көрсетілді. Басты мақсат – білім мен бизнестің ынтымақтастығын нығайтып, ғалымдар мен кәсіпкерлердің өзара байланысын жақсарту.

Мұхтар Төлеген, М.Әуезов атындағы зерттеу университетінің ректоры:

- Президентіміз кеше Жолдауда ғылым саласына, жоғары білім саласына білікті кадрлар дайындау бойынша тиісті міндеттерді қойды. Біз ғылымды негізгі басымдық берілген салаларда дамыту бойынша көздеп отырмыз. Бұрынғыдай ғылым тек теориялық тұрғыдан емес, нақты нарыққа, экономикаға қажетті тауарларды шығаруға бейімделіп келе жатыр. 

Биыл университет ғалымдарының төрт жобасы коммерцияландырылды. Суды сүзу технологиясы, инклюзия және меринос қойының терісі мен жүнін өңдеп өндіріске қосу сияқты инновацияларды дамытуға 1,5 миллиард теңге бөлінді.

Жамбыл облысындағы зауыт заманауи машиналар кешенімен жабдықталып, алғашқы экоөнімдер нарыққа шығарылды.

Бердияр Қалымбетов, «Агроинженерия және технология» ғылыми-өндірістік орталығының жетекшісі:

- Зиянды химикаттармен өңделген өнімдер нарыққа қойылмайды. Біздің өніміміз сұранысқа ие. Экосертификаттар алынған. Әрбір өнімімізге тауар белгісі салынған. Осы арада бір мәселе бар. Бұл қой терісін сойып алу ұйымдастырылған түрде, технологиясы сақталмастан тасталып жатыр. Шикізатқа дайындаушылармен қарым-қатынасты түзету керек болады

Сапалы кадр даярлау ісіне кәсіпкерлер де араласа бастады. Қазір университеттің ондаған оқу кабинеті демеушілердің қолдауымен жабдықталып, өндірістік-зертханалық база нығайды. Сала мамандарының айтуынша, бұл еңбек нарығының талабына сай бәсекеге қабілетті түлектерді тәрбиелеуге ықпал етеді.

Ермек Тұрманов, қалалық Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Оқу базасында жергілікті кәсіпорындардың жұмыс істеуге қажетті базасын қалыптастыру. Қандай мамандықтарды оқыту, қандай тәсілмен оқыту. Сонымен қатар қажетті технологияларды қолдану барысында оқыту тәсілі де ескеріледі. Қазіргі заманауи технологияларға бейімдеу барысында өздерінің қажеттіліктерін ұсынады.

Сабира Адамбекова, қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Университеттер кәсіпорындар үшін өз есігін ашып отырғаны өте зор мүмкіндік деп санаймыз. Себебі болашақта оқу бағдарламаларын осы кәсіпорындардың ерекшелігін ескере отырып жасауға және сол бағдарламамен студентті оқытып, дайын маман ретінде шығаруға үлкен мүмкіндік болады деп сенеміз.

Өңірдегі өңдеу өнеркәсібі саласында технологтар, энергетиктер мен инженерлерге сұраныс жоғары. Сонымен қатар жиһаз бен құрылыс материалдарын шығаруға жұмысшылар жетіспейді. Сондықтан қос тараптың кездесуінде дуалды оқыту тәжірибесін одан әрі дамыту тетіктері талқыланды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz