RU
Толық нұсқаға өту
фото: кадрдан

Ерекше балаларды қолдау: Қазақстанда жаңа заң жобасы әзірленеді

30.10.2026, 12:19 56

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдауға арналған жаңа заң жобасы әзірленеді. Құжатта мемлекеттік органдардың міндеттерін нақтылау, балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау, арнайы педагогтер даярлау және өңірлердегі инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері қамтылмақ. Бұл туралы Құрылтай депутаты Зүлфия Байсақова 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Депутаттың сөзінше, инклюзивті білім беру баланы жай ғана жалпы білім беретін мектепке қабылдаумен шектелмеуі керек. Ең алдымен, баланың жеке ерекшеліктері ескеріліп, білім алуына және қабілетін дамытуына қажетті жағдай жасалуы тиіс. Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 мыңнан астам бала бар. Сондықтан әр баланың құқығы мен отбасының қажеттілігіне басымдық берілуі қажет.

Инклюзивті білім беру – баланы жай ғана жалпы білім беретін мектепке орналастыру емес. Бұл – мемлекеттің жауапкершілігі. Әр баланың жеке ерекшелігін ескере отырып, білім алуына және өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасауымыз керек. Ең бастысы, оның білім алу құқығын қамтамасыз ету қажет. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында бір бала мен оның отбасы тұр. Сондықтан қағаз жүзіндегі талаппен шектелмей, нақты жағдай жасауымыз керек, - деді Құрылтай депутаты Зүлфия Байсақова.

Жаңа заң жобасында әр мемлекеттік органның жауапкершілігін нақтылау көзделіп отыр. Депутаттың пікірінше, баланың білім алуға құқығын жариялаумен шектелмей, оны жүзеге асыру үшін әр мекеменің қандай міндет атқаратынын және оны қай мерзімде орындауы керегін белгілеу маңызды.

Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының жұмысын үйлестіру қажет. Бұл бағыттағы қолдау бала мектепке барған кезде емес, дүниеге келген сәттен басталуы тиіс. Ол үшін балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау жүйесін жетілдіріп, ата-аналарға дер кезінде кеңес беру қажет. Сонымен қатар әр балаға жеке қолдау бағдарламасы әзірленуі керек.

Алдағы уақытта елімізде оңалту кабинеттері бар кемінде 20 инклюзивті мектеп салу жоспарланып отыр. Алайда олардың қай өңірде қажет екенін анықтау үшін алдымен қолданыстағы инфрақұрылымға талдау жүргізіп, мамандардың жеткіліктілігін бағалау керек.

Алдымен қай мектептерде мамандар жетіспейтінін, алдағы уақытта қанша бала инклюзивті біліммен қамтылатынын анықтауымыз қажет. Өңірлер мен аудандардың қажеттілігін есептеп, ауыл тұрғындарының сұранысын да ескерген жөн. Ауыл балалары үшін жеке мектеп салу мүмкін болмаса, мектепаралық көшпелі топтар ұйымдастыруға болады. Онлайн кеңес беру де көмектеседі, бірақ ол маманның баламен және ата-анамен бетпе-бет кездесуін алмастырмауы керек, - деді депутат.

Инклюзивті білім беру жүйесіндегі тағы бір маңызды мәселе – маман тапшылығы. Зүлфия Байсақованың айтуынша, тек логопедтер мен дефектологтарды даярлау жеткіліксіз. Бұл жұмысқа мұғалімдер, психологтер, мектеп әкімшілігі, ата-аналар және техникалық қызметкерлер де қатысуы керек. Сондықтан мамандарды даярлау бағдарламаларын қайта қарап, білім беру ұйымдарының барлық қызметкеріне инклюзивті ортада жұмыс істеу дағдыларын үйрету қажет.

Сонымен қатар осы саладағы мамандықтардың тартымдылығын арттыру маңызды. Бұл үшін грант санын көбейтумен қатар, еңбекақыны көтеру, кәсіби өсуге мүмкіндік жасау және мамандардың жұмыс жүктемесін реттеу мәселелері қарастырылуы тиіс.

Бізге тек мамандарды оқытып шығару жеткіліксіз. Бұл мамандықтардың тартымды болғаны маңызды. Лайықты жалақы төленіп, кәсіби тұрғыда өсуіне мүмкіндік берілуі керек. Мамандарды толассыз есеп беруден және қағазбастылықтан арылтып, балалармен жұмыс істеуге қажетті жағдай жасаған жөн, - деді Зүлфия Байсақова.

Депутат ерте араласу орталықтарын дамытудың да маңызын атап өтті. Мұндай орталықтар ата-аналарға баланың дамуындағы ерекшеліктерді ерте анықтауға, мамандардан кеңес алуға және жеке қолдау жоспарын әзірлеуге көмектеседі. Оның айтуынша, халықаралық тәжірибені сол күйінде көшірмей, Қазақстанның қолданыстағы жүйесіне бейімдеу қажет.

Жаңа шаралардың орындалуын бақылау да маңызды. Осы орайда депутат әр бағдарламаға нақты іс-шаралар жоспары мен әлеуметтік тиімділікті бағалайтын көрсеткіштер енгізу қажет екенін айтты. Құрылтай депутаттары парламенттік тыңдаулар өткізіп, депутаттық сауалдар жолдау және қоғамдық ұйымдармен кездесу арқылы жұмыстың нәтижесін бақыламақ.

Бір жылдан кейін мамандармен қамтылу деңгейін, қанша маманның жұмысқа тартылғанын, қанша баланың қолдау алғанын және олардың қандай нәтижеге жеткенін бағалауымыз керек. Сонымен қатар бөлінген қаражаттың жеткіліктілігі мен мақсатқа сай жұмсалуын да бақылау қажет. Бұл жұмыстың тиімділігін нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға мүмкіндік береді, - деді Құрылтай депутаты Зүлфия Байсақова.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz