RU
Толық нұсқаға өту
фото: кадрдан

«Халықтық құрылыс» жобаларына жұмысшылар қалай іріктеледі?

30.10.2026, 12:52 44

Қазақстанда «Халықтық құрылыс» сияқты ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қажетті мамандар алдын ала іріктеледі. Мансап орталықтары жұмыс іздеп жүрген азаматтарды бос орындарға жолдап қана қоймай, жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейді. Ал біліктілігі талапқа сай келмейтін азаматтарға қысқа мерзімді кәсіби оқу ұсынылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Мұхтар Төлеу 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды 24KZ.

Маманның сөзінше, министрлік әкімдіктермен, жұмыс берушілермен және мансап орталықтарымен бірлесіп, әр жобаға қанша және қандай маман қажет екенін алдын ала анықтайды. Осы мәліметтер негізінде жұмыс іздеушілер арасынан лайықты үміткерлер іріктеледі. Бірінші кезекте жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды, әсіресе құрылыс нысандарына жақын елді мекендерде тұратын тұрғындарды жұмыспен қамту көзделген.

Әр жоба бойынша қандай мамандар қажет екенін, олардың саны мен жұмысқа тартылатын мерзімін анықтауымыз керек. Одан кейін мансап орталықтары жұмыс іздеп жүрген азаматтардың арасынан лайықты үміткерлерді іріктейді. Бірінші кезекте жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды, соның ішінде жобаларға жақын елді мекендерде тұратын тұрғындарды жұмыспен қамту маңызды. Мансап орталықтары жұмыс берушіге жолдама берумен шектелмей, азаматтарды жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейді, - деді Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Мұхтар Төлеу.

Ал жұмыс іздеушінің біліктілігі жұмыс берушінің талабына сай келмесе, оған қайта даярлау курстары ұсынылады. Қысқа мерзімді оқу бағдарламалары жұмыс берушілердің нақты сұранысына қарай жасақталады. Оқуға жұмыссыз азаматтар іріктеліп, курсты аяқтағаннан кейін оларды міндетті түрде жұмысқа орналастыру көзделген.

Сонымен қатар жұмыспен қамту қызметіне жасанды интеллект негізіндегі цифрлық жүйе енгізіліп жатыр. Ол азаматтардың білімі мен дағдыларын саралап, қабілетіне сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қазір бұл қызмет Маңғыстау және Павлодар облыстарында іске қосылған. Жыл соңына дейін оны бүкіл ел аумағында қолдану жоспарланып отыр.

Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жасанды интеллект арқылы адамның мүмкіндіктерін, білімі мен дағдыларын анықтап, соған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Қазір жүйе Маңғыстау және Павлодар облыстарында жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін оны бүкіл елге таратамыз, - деді Мұхтар Төлеу.

Мансап орталықтарының жұмысы да жаңа талаптарға сай өзгереді. Бұған дейін олар негізінен жұмыссыз азаматтардың өтініші бойынша қызмет көрсетсе, енді жұмыс іздеуден бастап, нақты қызметке орналасқанға дейін қолдау көрсетеді. Сондай-ақ мамандар азаматтың тұрақты жұмысқа тұрған-тұрмағанын және жұмыспен қамтылу мерзімін де бақыламақ.

Биыл жыл басынан бері Қазақстанда 530 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. Оның 380 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындарын иеленген. Министрлік алдағы уақытта жұмыспен қамтуда тек жұмысқа орналасқандардың санын емес, тұрақты еңбекке тартылған азаматтардың үлесін де басты назарда ұстамақ.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz