Олар ІT орталықтарда кәсібін дамыту мен өнімін онлайн сатудың қыр-сырын меңгереді.
Цифрлық сауаттылықты арттырып, жаңа технологияны игеру «Digital Аimaq» жобасы аясында іске асып жатыр.
Берік Аманжол Аққайың ауданы Смирнов ауылында тұрады. Ол төрт жобаның авторы. Соның бірі – мүгедектігі бар балаларға арналған көмекші құрал. Азамат жобасын «көпшілікке таныстырып, коммерциялық жобаға айналдырсам», - дейді.
Берік Аманжол, ауыл тұрғыны:
- Бұл тренажерда біздің сандарымыз 3Д форматында жасалынған. Өйткені әрбір баланың саусағында рецепторлар бар. Сол сандарды ұстағанда түсінеді ол қандай сан екенін. Бүгінгі іс-шара біздің жобаларымызды болашақта танымал қылуға және сатуға қолжетімді қылуға жол ашады деп ойлаймын.
Ауыл тұрғындары цифрлық дағдыларын дамытуды ІТ орталықтарда үйреніп жүр. Мұнда жасанды интеллекті мен онлайн платформаларды тиімді пайдалануды меңгереді. «Осылайша ауылдан шықпай-ақ, өз өнімдерін әлеуметтік желіде сата алады», - дейді мамандар.
Нұргүл Болатова, «Digital Aimaq» жобасының жетекшісі:
- Тұрғындарға жасанды интеллект арқылы сапалы сурет пен видео жасауды үйретеміз. Олар солайша қызықты етіп, әлеуметтік желіде өнімдерін сатылымға шығарады. Мұнда қауіпсіздік те маңызды. Сондықтан прокуратура өкілдерімен де бірге жұмыс істейміз. Азаматтарға интернет алаяқтардан қорғану жолы мен киберқауіпсіздік ережелерін түсіндіреміз.
Бүгінде өңірдің 11 ауданында IT орталық бар. Аудан орталықтарынан бөлек тағы 3 ауылда ашылды. Алда тағы 2 креатив орталығы іске қосылады. Жауаптылардың айтуынша, тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары.
Руслан Әлішев, СҚО әкімі аппаратының басшысы:
- Мемлекет басшысы Жолдауда ауылда да, қалада да тұратын азаматтар смартфонды заңды табыс табудың құралы ретінде пайдалануды үйренуі тиіс екенін айтты. Осы бағытта, біз «Digital Tabys» жаңа цифрлық модулін іске қостық. Бұл тұрғындарға өз кәсібін дамытып, тұтынушы табуға көмектеседі.
Облыста «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында келесі жылға дейін 264 ауылға талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланған еді. Қазір 1 087 шақырым кабель жүргізілді. Енді желі тұрғындардың үйлеріне дейін жеткізіледі. Бүгінде өңірдегі елді мекендердің 92,9 пайызы интернетпен қамтылды.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Төлеген Иманов
Тегтер #онлайн бизнес #табыс #ІТ #кәсіп #СҚОPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz