Білім беру саласының жетекші өкілдері елордада бас қосты. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің бастамасымен 15-ші халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды «24KZ».
Ауқымды шарада елімізбен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Финляндия сынды әлемнің 20-дан астам елінен келген білікті педагогтер мен халықаралық сарапшылар бой көрсетті. Мың жеті жүзге тарта маман жиналып, оқу сапасын арттыру, білім алуға тең мүмкіндік жасау және технологиялық өзгерістер хақында әңгіме өрбітті. Конференция аясында көрме ұйымдастырылып, онда ұстаздардың 120-ға жуық зерттеу жұмысы ұсынылды. Сондай-ақ келушілер білім беру саласындағы жаңа бастамаларға куә болып, баспа өнімдері мен цифрлық жобалардың таныстырылымына қатысты.
Әнуар Жанғозин, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрағасы:
– Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мектеп басшылары, мұғалімдер, әсіресе ауыл мектептерінен, біз қазір тығыз байланыс жүргізіп жатқан мектептерден өкілдер қатысып жатыр. 20-ға жуық мемлекеттен ғалымдар, түрлі сарапшылар келіп, өз пікірлерімен бөлісіп жатыр. Себебі бұл тақырып Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде өте өзекті.
Мэг Джонс, Farrier Education Group компаниясының өкілі:
– Қазақстан қазір білім беру саласында өте қызықты трансформациядан өтіп жатыр. Мұнда жиналған адамдардың бәрі алдағы 5-10 жылдықта Қазақстанның білім саласы қандай бағытта өзгеретінін білгісі келеді. Әсіресе жаңа технология мен жасанды интеллектінің оқуға тигізер әсері қызығушылық туғызып отыр.
Тегтер #24KZ #Астана #білім беру саласы #НЗМ #конференция #халықаралықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz