RU
Толық нұсқаға өту

Ақтаудағы «Каспий» су тұщыту зауытының қуаты артады

30.10.2026, 20:10 50

Ақтаудағы «Каспий» су тұщыту зауытының ауызсу өндіру қуаты 100 мың текше метрге дейін ұлғаяды, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір кәсіпорын тәулігіне 40 мың текше метр теңіз суын өңдеп, шағын аудандармен қатар Мұнайлы және Қарақия ауданын тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келеді. Стратегиялық нысанның өндіріс көлемін арттыру жобасымен өңірге жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев танысты.

Кәсіпорынның Маңғыстау өңірін ауызсумен қамтамасыз етуде маңызы зор. Мұнда теңіздің тұзды суы бірнеше кезеңді технологиялық сүзгілеуден өтеді. Былтыр 12 млн текше метр таза су өндірілсе, биыл халыққа 9 млн 600 мың текше метр су берілген. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен зауыт 2021–2024 жылдары жаңғыртудан өтті. Жобаның үшінші кезеңі келер жылы басталады.

Дәурен Тұрдиев, «Каспий» тұщыту зауытының бас директоры:

– Тағы да осы зауыттың алдынан 60 мыңдық зауыт салу жоспарымыз бар. Сонда жалпы көлемі тәулігіне 100 мың текше метр болады. Қазір 40 мың деп айтып жатырмыз, біздер шамамен 200 мың адамды сумен қамтып отырмыз. Мұнайлыға тәулігіне 15 мың текше метр тәулігіне беріп отырмыз.

Ақтау – Каспий суын тұщытып ішетін еліміздегі жалғыз қала. Маңғыстау атом энергетика комбинатына су жинағыш каналдары арқылы теңізден сағатына 2 мың текше метр су алынады. 2023 жылы №1 жылу электр орталығының негізгі арнасына мұз қатып, апатты жағдай туындаған болатын. Мәселенің алдын алу мақсатында канал табанын тереңдету жобасы қолға алынды. Қазір жұмыстың 80%-ы аяқталған.

Игорь Томас, «КАЕС Строй Ко» ЖШС бас инженері:

– Алдымен жағалаудың 900 метр аумағы лай, шөгінділерден тазаланды. Содан кейін арнаның 140 метр бөлігін тереңдетуді бастадық. Шамамен 240 метрдей жері қалды. Сондай-ақ жоба аясында канал 500 метрге ұзарды. Арнаға мұз қатқан жылы тереңдігі 1,5 метр болса, жұмыс толық аяқталған соң тағы 1,5 метрге дейін тереңдейді.

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтау қаласының инженерлік желілерін цифрлық басқару орталығында болды. Ақылды жүйе ыстық және салқын су, жылу әрі кәріз жүйелерінің жағдайын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Маңғыстау өңірін энергиямен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту шаралары да Үкіметтік делегация назарынан тыс қалмады. Соңғы жылдары облыста 5 электр станциясы салынып, тағы 60 қосалқы станция жаңғыртылған. Таяу жылдары электр желілерін қайта жаңартуды көздейтін тағы 2 жоба жүзеге аспақ. Бұдан соң Қанат Бозымбаев Ақтаудың 6 жаңа шағын ауданын жылумен жабдықтайтын қазандықтың құрылысымен танысты. Қазір Ақтауда жылу тапшылығы сағатына 130 гигакалорияға тең. Құны 48 млрд теңге болатын жоба осы мәселені түбегейлі жояды деп күтіледі.

Мереке Пошанов, «Казстройподряд» ЖШС бас директорының орынбасары:

– Жалпы қуаттылығы – 363 гигакалория. Бұл құрылыс нысанында 11 жұп жылу қазандығы болады. Әрқайсының жылу қуаты 33 гигакалория және 22 газ жандырғышы қойылады. Қазір жұмыс жұмыстарына 30-ға жуық адам тартылған. Келер жылдың жылыту маусымына пайдалануға беру жоспарлануда.

Биыл Маңғыстауда «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Мемлекет қаржысы 154 жобаға жұмсалады. Соның аясында 21 кооператив және 150-ден астам жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде жалпы құны 225,3 млн теңге болатын 18 жоба мақұлданды. Жұмыс сапарының соңында Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен облыс активінің жиыны өтті. Кеңесте өңір экономикасын әртараптандыру және тұрақты өсуді қамтамасыз ету мақсатында әзірленген даму жоспары қаралды. Құжат өнеркәсіп, логистика, теңіз инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, туризм және әлеуметтік салада ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды көздейді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz