Алматы облысында жылу маусымы басталғалы 46 рет өрт болды. Абырой болғанда, мал-жан аман. Былтыр екі адам мерт болып, тағы екі тұрғын ыстан уланған еді, деп хабарлайды 24KZ.
Өткен жылмен салыстырғанда өрт оқиғасы 40 пайызға азайды. Қазір Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жеке тұрғын үйлерді аралап, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп жүр.
Қарасай ауданындағы Бекболат Әшекеев ауылында 7,5 мыңнан астам халық тұрады. Мұнда әлеуметтік осал топ санатындағы қырық шақты отбасы бар. Үй-үйді аралау кезінде инспекторлар пештердің жай-күйін тексеріп, улы газды ерте анықтауға арналған жаңа құрылғылар орнатты.
Лаура Мурадова, Б. Әшекеев ауылының тұрғыны:
- Бүгін үйіме жаңа құрылғы орнатты. Улы газ шықса, дабыл жүйесі іске қосылып, ескерту жасайды. Осылайша, үйде газдың таралып жатқанын дер кезінде біліп, сыртқа шығамыз. Бұл ең алдымен, өзіміздің және балаларымыздың қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері биыл жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, иіс газын анықтайтын 400-ден астам құрылғы орнатты. Өткен жылыту маусымында датчиктер 228 рет іске қосылып, қайғылы жағдайдың алдын алуға себеп болған.
Нұржан Нұғыманов, Алматы облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Біздің ең қазіргі басты назарымыздағы әлеуметтік осал топтағы отбасылары, сол кісілердің отбасыларын аралап, пешті қолдану түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, улы газды ерте анықтайтын датчиктер орнатып, сондай жұмыстар атқарып жатырмыз. Бүгінгі уақытқа алатын болсақ, 300-ден астам улы газды ерте анықтайтын датчик орнатылды. 2025-2026 жылғы жылыту маусымында 500-ден астам орнатылған болатын.
Құтқарушылар облыс бойынша 1,5 мыңнан астам тұрғынды ерекше бақылауға алды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен жалғызбасты зейнеткерлер бар. Инспекторлар олардың үйлеріне барып, жылыту жабдықтарының жай-күйін тексереді. Қажет болған жағдайда иіс газын анықтайтын жаңа құрылғыларды орнатады.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбай
Тегтер #24KZ #өрт оқиғасы #Алматы облысы #ТЖМ #улануPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz